Елімізде Наурыз мейрамы 10 күн тойланады

16.03.2024 в 09:31

Астанада 200-ге жуық іс-шара өткізіледі

Биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы 10 күн қатарынан тойланады. Ұлыстың ұлы күнін атап өту ертеңнен, яғни Амал мейрамынан басталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

14-23 наурыз аралығында барлық облыс, қала, аудан, ауылдарда Наурызнама онкүндігі өтеді. Тіпті бірегей логотип әзірленіп, өңірлерге жөнелтілген екен.

– Республика бойынша мәдени іс-шаралар өткізіледі. Министрлік Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, Наурыз мейрамын 21 наурызда Астана қаласының ЭКСПО аумағында тойлайды, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев.

Елордада киіз үйлер тігіліп, түрлі спорттық, мәдени жиындар ұйымдастырылады. Ал Астанада 200-ге жуық іс-шара өткізіледі. Олардың ішінде «Көшпелі өркениет» фестивалі бар. Сонымен қатар «Қазақ елі» монументі, орталық алаңда, «Бәйтерек» аумақтарында еліміздің эстрада жұлдыздары ән шырқайды.

– Қаланың бес ауданында 30-дан астам мерекелік концерт өтеді. 21-22 наурыз күндері сағат 12:00-ден бастап аудан әкімдіктерімен бірлесіп, Алматы ауданының 12 тұрғын үй алқабында және Байқоңыр ауданындағы 8 тұрғын үй алқабында, Сарыарқа ауданының 4 ауласында, Есіл ауданында 4 алаң, сонымен қатар Нұра ауданында 4 алаңында мерекелік іс-шаралар өтеді, – деді Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.

Оқи отырыңыз: Алматыда 14 наурызда Көрісу күні атап өтіледі