Студенттерге жатақханадағы орын қалай бөлінеді

06.09.2023 в 19:18

Қазақстанда 106 мың 203 студентке шақталған 380 жатақхана бар

Қазақстандағы кез келген студенттің жатақханада тұруына құқығы бар. Алдымен грантта оқитын тәлімгерлерге басымдық беру – заңға қайшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары оқуға түскен әрбір студент жатақханадан орын алуға толық құқылы екенін айтты. Заңды тұрғыда еш шектеу жоқ. Тек орындарды бөлу кезінде алдымен халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары, содан кейін бірінші курс студенттері орналастырылады.  

– Жатақханаларда орын тапшылығы бар екенін бәріміз көріп отырмыз. Егер студент осы топтарда болса, орын бөлу кезінде басымдыққа ие болады. Заң жүзінде ешқандай шектеу жоқ. Ақылы бөлімде, грантта оқитын студенттер жатақханаға орналаса алады, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Жауаптылар «жатақханадан орын таппай қалғандарды далада қалдырмаймыз» дейді. Студенттер үйінен төсек бұйырмағандарға хостелде тұруға кеңес береді. Яғни, университет басшылары қонақүйлермен келісімшарт жасайды. Ақерке Абылайханның айтуынша, онда тұру құны жатақханадан қымбат болғанымен, пәтер жалдаумен салыстырғанда арзан.

– Әрбір хостел иесіне 10 ай бойы сол жерде тұратын адамның болуы тиімді. Сондықтан бүгінгі төлем мөлшері жалпы жатақханада 3 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Ал хостелдерде 30 мың мен 60 мың теңге арасында. Әрине, бұл студент үшін арзан емес. Бірақ пәтер жалдап тұрғаннан тиімді, – деді Ақерке Абылайхан.

Қазақстанда жатақханадағы орын тапшылығы мәселесі күйіп тұр. Өткен жылы 69 мың орын тапшы болса, биыл студенттерге 23 мың 686 орын жетпей қалды. Енді жауаптылар 2029 жылға дейін жыл сайын 10 орындық жатақхана салу көзделгенін айтты.

Еске салайын, Қазақстанда 106 мың 203 студентке шақталған 380 жатақхана бар. Оның 182-сі жалға алынып отыр.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда 8 мыңнан астам оқушыны мектеп автобусы тасымалдайды