Алматыда Мәжіліс депутаты ЖОО-ның жаңа оқу жылына дайындығын тексерді

19.08.2021 в 16:21

Мәжіліс депутаты бастаған тексеріс тобы оқу ордасының жатақханасымен де танысып шықты

Кеше алматыдағы бірқатар университеттің жаңа оқу жылына дайын емес екенін айтқан едік. Ал, бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде болып, білім ошағының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Абырой болғанда, халықаралық білім беру коорпорациясының дәстүрлі оқу жылын бастауға сақадай сай екені бірден байқалады. Мұнда барлық санитарлық талаптар ескерілген. Мекемеге кіру тәртібі қатаң сақталады. Дәлізде әлеуметтік арақашықтықты еске салар жапсырма жеткілікті. Аудиториялар да талапқа сай жасақталған. Одан бөлек, тексеріс тобы оқу жоспарымен танысып, білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды талқылады.

«Оқу орны жаңа оқу жылына дайын екенін көріп тұрмыз. Сонымен қатар, аралас оқу форматына да дайындығын көрдік. Педагогикалық-профессорлық қауымдастықпен кездесу барсында жалпы қандай өтініштері бар, қанда сұрқтары бар – оның барлығын талқылайтын боламыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Мәжіліс депутаты бастаған тексеріс тобы оқу ордасының жатақханасымен де танысып шықты. Онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттерге қолайлы жағдай жасалыпты. Эпидахуалға байланысты оқшаулау бөлмесі де қарастырылған. Індет жұқтырғандар дереу сол бөлмеге ауыстырылады. Ал, мекеме басшылығы жатақхана мәселесі ұдайы өзекті екенін жеткізді. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бүгінде  біздің тарапымыздан қала әкімінің атына хат жазылып, Алатау ауданында бізге орын бөлініп отыр 540 орындық студенттік үй салуға. Біздің жоспарымыз бойынша 2022 жылдың аяғында тапсыруға бейімделіп отырмыз», – деді халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Маргарита Имандосова.