Жайлы мектеп: елімізде қанша білім ордасы салынады

19.10.2023 в 19:56

Ұлттық жобаға бюджеттен 2,4 трлн теңге бөлінген

Елімізде алдағы екі жылда 740 мың орынға арналған 369 мектеп салынады. Білім ошақтарының 205-і қалада, 164 нысан ауылды елдімекендерде бой көтермек. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтімен іске асса, тар кабинеттерде қысылып қымтырылған, дәлізге сыймай сабылысқан оқушылардың мәселесі шешіледі. 40 мыңнан астам бала оқытылып жатқан үш ауысымды мектеп қатары кемиді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазіргі күні білім саласында күйіп тұрған мәселе – үш ауысымды мектеп жайы. Білім ошақтары жетпей жатқан өңір көшін Түркістан, Алматы облыстары бастап тұр. Түйткілді шешуге «Жайлы мектеп» жобасы сеп болмақ. Бастамамен бой көтеретін ең көп нысан осы қос өңірде салынады. Оқушы орнының тапшылығы Астана қаласында да өзекті. Ұлттық жобамен бас қалада су жаңа 24 оқу ордасының қазығы қағылады деп жоспарланған.

2023 жылы 44 мың 400 орынға арналған 24 мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа берілуі тиіс. Аталған ұлттық жоба аясындағы мектеп қаламыздың барлық ауданында салынады. Нұра, Есіл, Алматы аудандары орын тапшылығы жағынан бірінші кезекте тұр. Нұра ауданында 9 мектеп, Есіл ауданында 6 мектеп, Алматы ауданында 6 мектеп, Сарыарқа ауданында 2 мектеп салынады деп жоспарланып отыр, – деді Білім басқармасы бөлімінің бас маманы Нұрлан Досжанов.

Жоспар бойынша 2024 жылға дейін 217 мектеп, 2025 жылы 152 білім ордасы пайдалануға берілуі тиіс. Мұндағы «Жайлы мектептердің» қазіргі қолданыстағы білім ордаларынан басты айырмашылығы - оқу ордасы ауылда да, қалада да біріңғай стандартпен салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін мектеп ғимараты жекелеген блокпен қамтылған.

– Биыл 217 мектептің құрылысын бастаймыз. Қазіргі таңда 217 мектептің жер телімі бойынша құрылысқа дайындық жұмысы жүріп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Түркістан облысына 63 мектеп салынады. Одан кейінгі кезекте Алматы облысы, Шымкент,  Алматы, Астана қалалары тұр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жобалық офис басшысы Жазира Асанова

Ұлттық  жобаға бюджеттен 2,4 трлн теңге бөлінген.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырған. Бұл шешім елдегі апатты мектептерді жойып, үш ауысымда оқытуды тоқтатуға бағытталып отыр.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мектептерде буллинг фактісін хабарлайтын батырма болуы керек -психолог