Мектептерде буллинг фактісін хабарлайтын батырма болуы керек – психолог

Almaty.tv
Almaty.tv
Мемлекет басшысы мектептердегі буллингті тез арада тоқтатуды тапсырған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мектептерде буллинг фактісі тіркелсе, бұл туралы жедел хабарлайтын арнайы батырма болуы керек деп психологтар дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

VI және VII шақырылымда Мәжіліс депутаты болған Геннадий Шиповских буллингке, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатайтатын кезде, қарсы арнайы топ жұмыс істегенін айтты. Сол кезде қоғам белсенділері «мұндай норма қажет емес» деп бас көтеріп, оны қабылдатпаған.  

– Неғұрлым бұл салада заңды күшейтсек өзгеріс болады. Әкімшілік кодекске, Қылмыстық кодекске қатаң бап енгізу қажет. Мемлекет басшысы мәселеге назар аударып отыр – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских.

Мемлекет басшысы мектептердегі буллингті тез арада тоқтатуды тапсырған еді. «Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек» деген Президент, оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті зорлық көрсетуі тыйылмай тұрғанын айтты. Сенаторлар да осы мәселеге қатысты шетте қалмай, заңды қатаңдатуға күш салатынын жеткізді.

– Белсенді азаматар мәселені талқылап жатыр. Депутаттар тысқары қалмайды. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Меселенің шешілуіне бәріміз атсалысып, ықпал етуіміз керек, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова.

Психологтың айтуынша, буллинг деген – жеңілдеудің бір жолы. Яғни, адам біреуді кемсітіп, көңіл күйін түсіру арқылы ләззат алады. Мамандар «жабылып біреуге буллинг жасасаған топтың өзінде шешілмеген мәселе көп» дейді.

– Балаға кішкентай деп қарауға болмайды. Олар да ересектер секілді ойланып, түрлі әрекет етеді. Қоғамда ашуын басқа біреуге жамандық жасау арқылы басу белең алған. Бізде бірыңғай колл орталығы болуы керек. Бала бірден хабар бере алады, – деді психолог Анна Поздеева.

Қасым-Жомарт Тоқаев буллинг, зорлық-зомбылық жасағандардың қатаң жазаланатынын айтқан еді. Бас прокуратура, Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайдың бәрін тіркеп, жүктелген міндетті дұрыс атқаруы тиіс екенін айтты.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Шымкентте қыз алып қашу дерегі жиілеп кетті

Новости партнеров