Азық-түлік қымбат: СҚО-да инфляция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті

10.03.2023 в 14:02

Азық-түлік тауарларының құны 25,7 пайыз өскен

С­ҚО-да азық-түлік құны тағы шарықтады. Өңірде 25 жылдың ішіндегі рекордтық инфляция тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алпысты алқымдаған Серікбай Сүйіндіков – III топтағы мүгедек. Ер адам жұбайымен бірге баласының қолында тұрады. Оның айтуынша, мүгедектігі бойынша алатын 40 мың теңге жәрдемақысы түкке жетпейді. Пәтерді жалдап тұрады. Ақшасы азық-түліктен артылмағанына наразы.

«Ақша тамақтан артылмайды. Үкіметтегілер қарапайым халық қалай күн көріп жатқанын ойласа дұрыс болар еді. Азық-түлік, тауар, бәрі қымбаттап жатыр», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Серікбай Сүйіндіков.

Бірер жыл бұрын 1000 теңгеге дүкеннен дорбасын толтырып шығатын петропавлдықтар қазір ол ақша күнделікті нан мен шайдан артылмайтынына налиды.

«Баға қымбаттап жатыр. Күнде өседі», – деді қала тұрғыны.

«Азық-түліктің қымбаттағаны зейнеткерлерге қатты сезіліп жатыр. Баға күннен-күнге аспандап барады», – деді қала тұрғыны.

Баян Серікбаева сауда саласында шамамен 50 жыл жұмыс істейді. Әйел соңғы бірнеше жылда азық-түлік құнының күрт өскенін айтады. Қалыптасқан жағдайды кәсіпкерлер де пайдаланып, бағаны аспандатып жіберген.

«Шикізат қымбаттап кеткен. Бағаларды реттеу керек, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау керек. Уақыт қажет.Жауаптылар бағаны тиісінше бақылауы қажет. Ешқандай қадағалау жоқ», – деді сатушы Баян Серікбаева.

Солтүстік Қазақстан Облысы  бойынша былтыр инфляция 20,6 пайыз тіркелген. Орташа алғанда, азық-түлік тауарларының құны 25,7 пайызға өскен. Әсіресе қанттың бағасы шарықтап тұр, былтыр ол 57,2 пайыз қымбаттаған. Мұндай көрсеткіш 25 жыл ішінде алғаш рет тіркеліп отыр.

«Жыл бойынша бағалардың көтерілуі қантқа 57, жармаларға 42, сүт өнімдеріне 29,9, макарон өнімдеріне 27, етке, балық және теңіз өнімдеріне 21 пайыздан жоғары байқалған. Бағалар өсімі жас жемістерге 24,8, көкөністерге 16,6 пайыз қымбаттады. Жұмыртқа 30 пайыз қымбаттады», – деді Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.

Сонымен қатар, облыста тұрмыстық тауарлар да шамамен 30 пайыз қымбаттап кеткен. Мамандар мұны экономикалық және саяси жағдайлармен байланыстырып отыр.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: СҚО- дағы үздік боксшы қыздың арманы қандай