Петропавлда 18 жастағы спортшы қыз 6 жылдан бері былғары қолғапты серік етіп келеді. Бұл спорт түрін таңдаған ол – Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір көргенде Мадина Бауыржанның бокспен шұғылданатынына сену қиын. Тұла бойына қарап, оны көркем гимнастика немесе жеңіл атлетика спортшыларымен оп-оңай шатастырып алуға болады. Нәзіктігіне қарамастан, шаршы алаңға шығып, былғары қолғапты серік етіп жүргеніне 6 жыл болыпты.
Мадинаның бүгінде 2 бірдей спорт түрінен ішкі біріншілікте Қазақстан чемпионы әрі күміс жүлдегері атағына қол жеткізіп отыр.
«Мен 6 жылдан бері спортпен шұғылданып келемін. Осыған дейін мен 2 жыл кикбоксингпен айналыстым. Аталған спорт түрінен Қазақстан чемпионы және финалдық кезеңіне жетіп үлгердім. Ал бокстан 2019 жылы Қазақстан чемпионатының жүлдегер қатарына іліксем, 2022 жылы күміс жүлдегері атандым», – деді бокстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Мадина Бауыржан.
Боксшы алға қойған мақсатына жету жолында аптасына 6 рет жаттығу жасап, Камиль Сафин атындағы бокс залында тер төгеді. Былғары қолғабын киіп, рингке шығуды таңдаған спортшы алға қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
«Болашақта мен бокспен айналысуды жалғастырып, үлкен жарысқа қатысқым келеді. Сондықтан қазір университетте «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқимын. Бокстағы мансабымды дамытқым келеді. Жаттықтырушы болуды армандаймын», – деді Мадина Бауыржан.
Сабыржан Сақтағанов шәкіртінің еңбекқорлығына қарап, оның биік белесті бағындыратына сенімді.
«Мамыр айында ересек әйелдер арасында Қазақстан бойынша спартакиада өтеді. Бұл Азия ойындарына іріктеу сияқты. Мен шәкіртімнің осы спартакиадада жақсы өнер көрсетіп, мықтылар санатында болғанын қалайымын. Ересектер арасында жүлдегер атану – жетістік. Содан кейін ол ұлттық құрама сапында болады», – деді К.Сафин атындағы бокс мектебінің жаттықтырушысы Сабыржан Сақтағанов.
Камиль Сафин атындағы бокс мектебінде жалпы 400-ге жуық спортшы жаттығады. Арасында 7 қыз бар.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!