Жарық жоқ: жекеменшік кәсіпкерге күні қараған кемертоғандықтар ауыз суға зәру

02.04.2024 в 14:58

Уәкілетті органдар кәсіпкерге бірнеше мәрте айыппұл салған

Алматы облысы Кемертоған ауылының халқы бірнеше жыл бойы су мен электр энергиясына жауапты жеке мекеменің тарапынан опық жеп отыр. Меншік иесі жарық тарифін көтеріп, оған қосымша үстемақы қосатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылда жырға айналған жарық пен су мәселесі Кемертоған ауылының тұрғындарын әбден қажытып жіберген. Электр энергиясының жиі өшуіне байланысты тұрмыстық техника күйіп, түкке жарамай қалған. Ал жарыққа жауапты жекеменшік иесі ешқандай техникалық шарттарды елемей, тұтынушыларға тиісті қызметті жоғары бағамен сатып келген.

– Электр жарығына ай сайын төлеп отырмын. «Қаңтарда 400-ден артық вольт жақтың» дейді. Алдыңғы айларда  көрсеткіш аз болған. Тіпті олардікі дұрыс дегеннің өзінде, қайда төлейтінімді айтпайды, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Ақкүріш Алманова.

– Халықты тыңдамайды. Жарық күнде өшеді, үйдегі техниканың бәрі күйіп кетті, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Марат Қарамырзаев.

Жергілікті халықтың айтуынша, 35-тен аса үйді қамтып тұрған трансформатор ешқандай нормаға сәйкес келмейді. Мегаполистің іргесінде тұрып жатқан Кемертоған халқы 2-3 жылдан бері сапалы су мен жарыққа жарымай отыр. Жел тұрып, қар жауса, жанын шүберекке түйіп отыратын көрінеді.

Тұрғындар тіпті тұтынып отырған судан күмәнданып, арнайы сараптама жасатқан. Нәтижесі бойынша тіршілік нәрі ішу түгілі, ауыз шаюға да жарамайтын болып шықты.

– Суды сараптамаға да апардық, ішуге жарамсыз. Үш жылдан бері тұрамын, бұл суды ішпеймін. Тек еден жуғанда пайдаланамыз, – деді Кемертоған ауылының тұрғыны Данияр Бекзатов.

Шиеленіскен түйіннің жалғыз шешімі – көшелерді мемлекет меншігіне қайтару. Алайда кооператив басшысы мұнымен мүлдем келіспейді. «Жерімді бермеймін, ұнамаса кетіңдер» деп жұрт жиналған жерге келіп, дау көтеріп, тілшілердің жұмысына кедергі келтірді.

– Осы жерде 50 учаскем бар, 4-5 баламның атына 10 учаскеден бөліп қойдым. Тұтынушы кооперативі ретінде жұмыс істеп жатыр. Су, жарық бар. Құжаты жоқ деген түрлі әңгіме айтып жатыр. Үкіметке жерді бүгін-ертең өткізбеймін, – деді жеке кәсіпкер Нұрпия Қалелова.

Ауылдағы 35-тен аса үй кооператив басшысы түбіртек беріп, ресми шот ашпайынша, жарық пен суға ақша төлеуден бас тартып отыр. Тілшілермен бірге аудан әкімдігінен жауап алуға барған халыққа құзыреттілер жаңа инженерлік желілерді орнату жобалары әзірленіп жатқанын айтты.

– Жерді мемлекет меншігіне өткізеді, әуелі шешім шығарамыз. Бермеген жағдайда, сот арқылы сатып аламыз, – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев.  

Айта кетейік, уәкілетті органдар кооператив басшысының жұмысына бұған дейін бірнеше мәрте айыппұл салған. Ал халыққа ендігі жерде күтуден басқа амал жоқ.

Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Адам ұрлап, қайтарымсыз несие рәсімдетіп келген қылмыстық топ ұсталды