Аптап ыстықта ішерге су жоқ: Еңбекшіқазақ ауданында мәселе қалай шешіліп жатыр

28.07.2023 в 15:35

Кесіренін қарбыз-қауын күнге күйіп, жарамсыз болып қалған

Аптап ыстықта ішерге су жоқ. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жұрты ауыз судың зардабын тартып отыр. Сыздықтап ағатын су Аймен ауылының тұрғындарын әбден мезі еткен. Соңғы 10 күнде оған да зар болдық деп жанайқайын жеткізген көпшілік мәселенің шешілуін талап етті. Тасып ішетін су біреуге жетсе, біреуге жетпей қалатын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ауылдағы ағайын 10 күннен бері сусыз отыр. Олар шілденің шіліңгір ыстығында жол бойына шығып, су таситын көлікті күтуге мәжбүр. «Бұл жағдай жылда қайталанады» деген жұрт осылай әбігерге түсетінін айтады.

– Кеңес үкіметі кезінде салған 80 жыл бұрынғы құбыр жатыр. Ал бір жыл бұрын салынған құбыр жарылып кетті. Бірінші, екінші күндері бүкіл ауылдағы сиырдың мөңірегінін көрсеңіздер, ыстық қорада тұр ғой, шөлдеді, – деді Аймен ауылының тұрғыны Фатигүл Қожахметова.

Жергілікті әкімдік уақытша су тасымалын ұйымдастырып берген. Оның өзі біріне жетсе, енді біріне жетпей қалатын көрінеді. Тұрғындар түнде құбырдан сыздықтап келетін суды бос ыдыстарға толтырып алуға тырысады. Оның өзі соңғы 10 күнде мүлде келмей қалған. Мұндай жерде көкөніс пен жеміс-жидек өсіру қиын. Себебі жаңбыр жаумаса өнімдер қурап, қарашаның еңбегі еш кетеді.

Аймен ауылында ауласына көкөніс, жеміс-жидек егіп, оны суаруға келгенде су таппай сергелдеңге түсетіндер де бар. Кесіренін қарбыз-қауын күнге күйіп, жарамсыз болып қалады екен.

– Балаларымыз үзіп жесін деп жеміс-жидек саламыз. Түнгі сағат 3:00-де тұрып, бөшкеге су толтырып аламыз. Күндіз бақшаны суарамыз. Осында 25-26 жыл болды тұрып жатқаныма, жаз айында ылғи су жоқ, – деді Аймен ауылының тұрғыны Күнішай Төңкербай.

Есік қаласының әкімдігі су тапшылығын таудан аққан селмен байланыстырды. Халық тұтынып отырған ауыз суға топырақ араласып,  кесірінен ол лайланған. Сол себепті тоқтатып қойғанын айтады.

– Қазір біз басқа бағыттан су алып, 350 метрден астам жерге  материалдар жеткізілді. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алла бұйырса, ертең таңертеңнен бастап резервуарларға су толтырамыз. Халыққа бүрсігүні су береміз. Су болады міндетті түрде. Әкім тапсырма берді. Материалдар жеткізілді, – деді Еңбекшіқазақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Медет Жанәбілов.

Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарын ауыз сумен қамту міндеті «Есік су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген. Мекеме мамандары құбырлардың диаметрі кешкентай, ал оны тұтынушылар саны шамадан көп екендігін айтады. Судың тұрақты келмеуі, келсе де құбырдан сыздықтап ағуының да себебі осы деп түсіндірді. Жергілікті әкімдік мәселені шешу үшін аймақта алып су стансасының құрылысы жүріп жатқанын айтты. Ол 5 жылдан кейін ғана аяқталады екен.  

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы телеарнасы

Оқи отырыңыз: Медеу ауданында ағаштарды суару кестеге сәйкес жүргізілуде