Құлауға шақ тұр: Петропавлдағы апатты үйдің тұрғындары дабыл қақты

13.03.2024 в 19:52

Өңірдегі 100 шақты тұрғын үй апатты деп танылған

«Үйіміздің қабырғасы сөгіліп, шатыры құлауға шақ тұр». Петропавлдағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сәуле Шайымова 30 жылдан бері апатты үйді баспана ретінде сағалап келеді. Мүгедек ұлын да осы пәтерде бағады. Алайда зейнеткер «жасым келген сайын арқалаған жүгім де ауырлап барады» дейді. Қазір оның екі бөлмелі пәтерінің төбесі опырылып, едені құлап, қабырғасы сөгіліп тұр.

– Төбеден су ағып, жертөле көлшікке айналды. Жел соққанда үй азынап кетеді. Дәретке далаға шығамыз. Суды даладан тасимыз, – деді қала тұрғыны Сәуле Шайымова.

Тозығы жеткен екі қабатты тұрғын үй өткен ғасырдың ортасында салынған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген баспанада кәріз жүйесі мен су құбыры да жоқ. Жергілікті халықтың айтуынша, жағдайды тұрғын үйдің жанында жүріп жатқан құрылыс ушықтырып жіберген. Одан келетін дірілдің кесірінен баспаналарының тас-талқаны шыға ма деп үрейленіп отыр.

– Көктемде не болатынын елестетудің өзі қиын. Үйіміздің қабырғалары сөгіліп, үгітіліп тұр. Діріл болғанда, тіпті қорқамыз. Ал жел тұрып, жылдамдығы секундына 15 метр болғанның өзінде, үйіміз қатты суып кетеді. Тез сүрілсе екен деген тілегіміз бар, өйткені ешқандай жағдай жасалмаған, – деді қала тұрғыны Елена Нелюбина.

Тұрғындардың айтуынша, бұл үйді 2008 жылы апатты деп таныған. Алайда жергілікті әкімдік оны жоққа шығарып отыр. Шенділер шешім тек сараптау комиссиясының қорытындысынан кейін шығатынын жеткізді.

– Апатты деп тану үшін сараптау комиссиясының қорытындысы қажет. Ал бұл үй бойынша ондай шешім жоқ. Оны алу үшін тұрғындар заңды мекемелерді шақырып, қорытындысын бізге алып келуі керек. Сонда ғана біз апатты деген статус бере аламыз. Айта кетейін, бұл жұмыс тапсырыс берушінің есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ Азаматтық кодекстің 189-бабына сәйкес әрбір меншік иесі өз мүлкі үшін өзі жауап беретінін еске саламын, – деді Тұрғын үй инспекциясының бас маманы Ерболат Мұхамбетжанов.

Қазір өңірдегі 100 шақты тұрғын үй апатты деп танылған. Жергілікті билік өкілдері 2029 жылға дейін реновация бағдарламасы бойынша тозығы жеткен 28 үйді сүру жоспарланғанын айтты.

Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, Петропавл

Оқи отырыңыз: Павлодарда уланған 27 жастағы азамат көз жұмды