Елімізде тіршілік нәрінен тапшылық болуы мүмкін

06.12.2023 в 20:19

Бақытжан Базарбектің айтуынша, 228 су қоймасы жекенің қолына өтіп кеткен

Елімізде алдағы 17 жылда тіршілік нәрінен тапшылық болуы мүмкін. Судың жетіспеушілігі шамамен 15 млрд текше метр болады деп болжап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Демек, 342 – су қоймасы. Бақытжан Базарбектің айтуынша, 228 су қоймасы жекенің қолына өтіп кеткен. Депутат дерегіне сүйенсек, бүгінде жекеменшік нысандардың дені тозығы жетіп, істен шыққан көрінеді. Ал оған бас сұғып жағдайын көріп жатқан ешкім жоқ. Депутат мемлекеттік бақылаудан тыс қалған 3,5 мыңдай шаруашылық каналын тексеру керек екенін айтты.

– Су қоймалары және каналдардың проблемасын бұрын көтерген жоқпыз. Себебі су қоры саласында жемқорлық пен өлшеусіз пайдалану фактілері көп. 228 су қоймасы жекеменшікке өтіп кеткен. Әрине, Су кодексі нормалары бар, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Жаһанды алаңдатқан су мәселесіне Президент те назар аударған еді. Саладағы тапшылықты жою үшін елде 20 жаңа бөгет салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. «Алайда бұл істе Үкіметтің қимылы ширақ емес» деді депутат. Мәжіліс спикері де маңызды мәселеге атүсті қарауға болмайтынын айтып қалды. Мәжіліс төрінде отырған Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерін есеп беруге шақырды.

– Өте маңызды мәселе көтеріліп отыр. Өткен аптада әріптестер көтерген болатын. Берілген ұсынысты келесі отырыстың біріне Үкімет мүшелерін шақырып, суды үнемдеу мәселесі бойынша есебін тыңдағанымыз дұрыс болады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Республикада жиналатын су көлемі жылына 25 млрд текше метр болса, соның 15 млрд текше метрі ауыл шаруашылығына қолданылады. Саланың ақсауына қажетті мамандардың жоқтығы да себеп болып отырған көрінеді.

Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қызылқайрат ауылында үй тонаушылар көбейген