Соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісіне тағы ота жасалады

13.03.2024 в 19:48

Тараптар бүгін сот залында кездесті

Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісіне тағы бір ота жасалады. Қоғамды дүрліктірген оқиғаға себепкер болған тараптар бүгін сот залында кездесіп, айыпталушыға қатысты қылмыстық істің мән-жайымен танысып қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азаматқа қатысты сот отырысы бүгін оқиға болған Әлихан Бөкейхан ауданында өтті. Процесс барысында мемлекеттік айыптаушы көлікті жол үстіне жөнсіз қойдың деп жұдырық ала жүгірген күдікті Нұрболат Дәкебаевқа қатысты нақты айыптауларды атап өтті. Өз кезегінде, жәбірленуші мен айыпталушы, сондай-ақ қорғаушылар мен куәгерлерден де жауап алынды.

– Айыпталушы Дәкебаев қоғамдық орында тәртіп бұзды. Жедел жәрдем қызметкерінің жұмыс бабымен жүргенін, арнайы қызметтік киім кигенін көре тұра қасақана қол жұмсаған. Дәкебаевтың кінәсын жоққа шығару мүмкін емес. Бір-екі соққы емес, төрт соққы жасап, зардап шегушіге айтарлықтай залал келтірген, – деді мемлекеттік айыптаушы Бекзат Әшірбеков.  

Бес күн бойы іздеуде жүріп, ақыры табылған айыпталушы Нұрболат Дәкебаев сол оқиғаға қатты өкінетінін жасырмады. Алайда ол сотта "екеуара жанжалдан кейін ешқайда қашпадым, тығылмадым" деп ағынан жарылды. Оның айтуынша, азамат өзіне іздеу жарияланғанын 5 күннен соң біліп, бірден полицияға хабарласқан.

– Көлік жүргізушісімен екеуара жанжалдан соң, өз жолыммен кетіп қалдым. Өзімнің іздеуде жүргенімді кейін естіп-білдім. Жедел жәрдем жүргізушісіне көлікті кедергі қылып жолға қоймау керек деген ескерту ғана жасадым. Арты осындай жағдаймен аяқталды, – деді айыпталушы Нұрболат Дәкебаев  

Жәбірленушінің қорғаушысы қайта сараптама тағайындауды көздеп отыр. Сөзіне сенсек, зардап шеккен жүргізушінің денсаулығы жақсы емес көрінеді. Ойда-жоқта таяқтың астында қалған Төреғали Берікқалиұлы айыпталушының келтірген жарақатына байланысты шығынды өтеп беруін талап етпек. Өйткені қатты соққы салдарынан жүргізуші екінші рет пышаққа түсуге мәжбүр.

– Ертеңнен бастап Мақажанов ауруханасында жатамын. Дәрігер маған мұрынға ота жасату керек деді. Ссоққы ауыр тиді . Қалай болатыны, қанша күн болатыным да белгісіз. Ертең екінші рет ота жасатамын. Қазіргі жағдайым әзірге белгісіз, – деді жәбірленуші Төреғали Берікқалиұлы.  

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Қарағанды қаласында болған оқиға қоғамда кең талқыға салынған. Аталған істі қарастырып жатқан сот бүгінгі отырыста нақты шешім айтпады. Ал 20 наурызда қылмыстық іс күнұзаққа қайта қаралмақ.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағандыдан

Оқи отырыңыз: Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты: Қарағандыда сот процесі басталды