Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азаматқа қатысты сотқа дейінгі тыңдау басталды. Осылайша қоғамды дүрліктірген оқиғаға себепкер болған тараптар сот залында кездесті. Атышулы іс бойынша тыңдау процесі Бөкейхан аудандық сотында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырысқа қатысқан жәбірленушінің қорғаушысы әділ шешім болуын талап етті. Адвокат бұл істе сараптама тағайындауды сұрайды. Өйткені жедел жәрдем жүргізушісінің жарақатын айғақтау қажет. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы айтқан сөзге сенсек, зардап шеккен жүргізушінің денсаулығы жақсы емес көрінеді.
– Бәрінің заңды болғанын қалаймыз. Қорғауымдағы азамат бір рет ота жасады. Төреғали Берікұлы әлеуметтік желіде өзін ұрған азаматты кешіретінін айтты. Бірақ соққы қатты ауыр болған. Денсаулығына зақым келген. Моральдық шығын өтеп беруін талап ету маңызды. Үнсіз қалу мүмкін емес. Заңды түрде шешім шықсын, – деді жәбірленушінің қорғаушысы Бағдат Хасенов.
Естеріңізге сала кетейік, атышулы оқиға осыдан бір ай бұрын Қарағанды қаласында болған. Көлікті жол үстіне жөнсіз қойдың деп қол жүгірткен күдікті Нұрболат Дәкебаев 5 күн бойы іздеуде жүрді. Арада бірнеше күн өткенде азамат облыс орталығынан 200 шақырым жердегі қыстаудан табылды. Ол бірден уақытша изоляторға қамалды. Ал бұл іске қатысты нақты шешім 13 наурызда шығарылады.
Оқи отырыңыз: Пара алған шымкенттік шенеунік сот залында неге жылады