|
10.02.2022 | 19:04
6968

Баланы телефонға деген тәуелділіктен қалай арылтуға болады

Қазір жеткіншектердің 80 пайызы өмірін телефонсыз елесте аламайды екен

Баланы телефонға деген тәуелділіктен қалай арылтуға болады   Almaty.tv

Телефонға тәуелділік қазіргі заман дертіне айналды. Ол аздай телефонда еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін қызықтыратын түрлі қосымшалар мен арнайы порталдар саны күн санап артып келеді. Дәрігерлер мен сарапшылар оның адам азғасына қаншалықты зиян екенін айтса да, оны елеп-ескеріп жатқандар кемде-кем, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

12 жасар Рамазанның күнделікті таңы осылай атады. Беті-қолын жумастан, аузына ас алмастан алақандай экранға телміреді. Ғаламтордың шырмауына байланып, шыға алмай жүргеніне көп болған. Оның үстіне, әлемді жайлаған карантин баланы одан сайын техникаға тәуелді етіп қойды. Оның айтуынша, сабақты үйден онлайн оқудан әбден жалыққан.

«Иә, мектепке барғым келеді, достарыммен ойнаймын. Білмегенімді апайдан сұраймын. Онлайн оқыған маған ұнамайды. Арқаң ауырады, көзім де ауырады», - дейді Рамазан Оразалыұлы.

Анасы үйде тек Рамазан ғана емес, үш баланың бәрі де телефонға әуес дейді. Телефон, одан қалса, ноутбук, одан шаршаса, теледидарды қосып ғаламтордан түрлі роликтер тамашалайды. Зияны болмаса, пайдасын көріп жатқанымыз аз дейді. Соның салдарынан Рамазанның ұйқысы бұзылып, түнде шошып оянатынды шығарыпты. 

«Психологқа да апардым. Психикасы да соңғы кезде өзгеріп кетті. Қатты ашуланшақ болып кетті. Көзі ауыратындықтан, есепте тұрамыз. Көзі күннен-күнге нашарлап жатыр», - дейді ата-ана Эленора Сейсебаева.

Балалардың телефонға қатты әуес болуының бірден-бір себебі – ата-ана арасындағы қарым-қатынастың аздағы дейді психолог. Өзін жалғыз, дәрменсіз, елеусіз сезінген кезде оның ең жақын досы электронды құрылғы болатыны сөзсіз. Маманның айтуынша, баладан телефонды бірден түбегейлі бас салып тартып алуға болмайды. Бұл оның ашушаң болып өсуіне әсер етеді екен. Бастапқыда кешкі сағат 21.00-ден кейін смартфон қарамаймыз, тәулігіне 5 сағаттан артық телефон ұстауға болмайды деген секілді аздаған шектеулер енгізу керектігін айтады.

«10-жасқа дейінгі балаларға телефонды тәулігіне 1,5 сағат қана қарауына рұқсат. Ал одан жоғары жастағы жасөспірімдерге 3 сағатқа дейін қарауына болады. Көрсетілген нормадан артық қараған жағдайда жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Баланы телефоннан алшақтатудың тағы бір жолы – бірге отырып сурет салу немесе бірігіп ас дайындау секілді басқа нәрсеге қызығушылығын дамыту», - деді балалар психологы Анастасия Стеблянко.

Зерттеуге сенсек, қазір жеткіншектердің 80 пайызы өмірін телефонсыз елесте аламайды екен. Оған көпшілікке жүргізген сауалнама нәтижесі дәлел. 

Әлемдік ғалымдардың пікірінше, смартфонды шамадын тыс пайдалану көз жанарын құрту мен мидың қызметін бұзудан бөлек, обыр ауруына дейін шалдықтыруы мүмкін екен. Сорақысы сол, оның қауіптілігі есірткі мен түрлі психотроптық заттардан да зиян дейді дәрігерлер. Сол себепті мамандар баланы әсіресе өтпелі кезеңде қатаң бақылауға алу керек дейді. Айтпақшы, дәл қазір балаңыз немен айналысып отыр?

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир