Оқу жылының аяқталуының қарсаңында Ғани Бейсембаев «Алтын белгіге» үміткерлермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Үздік оқу үлгерімімен ерекшеленген 7 мыңнан астам мектеп бітірушіге министр өзінің ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді.
Ғани Бейсембаев мектепте алған білімнің болашақта кәсіби табысқа жетудің мықты іргетасына айналарына сенімділік білдірді.
- Білім - бұл кез келген табыстың іргетасы. Сендердің биік мақсаттарға жетуге деген талаптарың мен табандылықтарың қуантады. Мектеп қабырғасында белсенді болып, өздеріңізден кейінгі оқушыларға үлгі бола білгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Биылғы жылы 186 мың мектеп бітіруші өмірлеріндегі жауапты сәтке қадам басқалы отыр. Әрқайсыларыңыз алдағы емтиханды сәтті тапсырып, өз мақсаттарыңызға қол жеткізесіздер деп сенемін. Сіздерге білім жолында үнемі ізденіс пен талпыныс, табыс пен сәттілік тілеймін, - деді Ғани Бейсембаев.
Кездесуге сондай-ақ өткен жылғы «Алтын белгі» иегерлері де қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, биылғы үміткерлерді білім шыңына шабыттандырды. Олардың бірі «Minerva» калифорниялық университетінің студенті Ақнұр Әбдікәрім.
- Мен қарапайым отбасында туып-өстім, РФММ-де оқыдым. Сіздер секілді мен де өткен жылы дәл осылай қобалжу сәтін басымнан кешірдім. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің бірінде білім ала жүріп, біздің елімізде өз ұстаздарымыздан алған білімнің ең мықты іргетас екеніне көз жеткізіп келемін, - дейді Ақнұр.
Кездесу кезінде түлектердің әрқайсысы өздерінің жетістіктері туралы айтып, болашаққа жоспарларымен бөлісті, министрге сұрақтарын қойды, пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар сапалы білім алу мүмкіндігін беріп, қолдау танытқан еліміздің үкіметіне алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, биылғы жылы жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатына 7000-нан астам білім алушы үміткер болып отыр.
Оқи отырыңыз: Халықаралық музей күні: Аида Балаева пікір білдірді