Жезқазғандағы жылу орталығының қазандығынан ақау шықты

20.12.2023 в 19:10

Берік Әбдіғалиұлы орталық басшысына ескерту жасады

Қаңтардан қалмай алтыншы қазандық іске қосылсын! Жезқазған жылу электр орталығынан ақау шығуына байланысты жағдайды тексеруге барған облыс әкімі осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс орталығын жылумен қамтып отырған жылу электр орталығында ақау анықталды. Қызметі бұзылған екі қазандық шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оның біреуі жөнделді, тағы біреуі кешке дейін қалыпқа келтіріледі делінген. Жағдайды бақылауға арнайы барған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қазандықтарды уақытылы қалыпқа келтірмеген орталық басшысына ескерту жасады.

– Электр орталығына жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, жылу жеткіліксіздігі байқалып жатыр. Осы қыс мезгіліне 6 қазандық дайын болуы керек еді, жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірдіңіздер, салдары тұрғындарға тиюде. Қаңтардан қалмай 6-қазандық іске қосылсын, – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Жылу электр орталығының директоры Думан Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі уақытта 62 күнге шақталған 250 мың тонна көмір, 2500 тонна мазут қоры бар. Әзірге 4 қазандық жұмыс істеп тұр. Температуралық график жоғары, станция қысымы 75 мегаватт. Қаланы артығымен қыздырып отырмыз деген директор облыс орталығында 7 қазандық барын жеткізді.

– Жалпы біздің қалада 7 қазандық бар. №10 8-қазандықты сүріп тастады. Оны қаржыландыру көзі анықталмаған. Қазір тариф бойынша министрлікпен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер осы бағдарламаны министрлік қолдаса, онда 2025 жылдың аяғына дейін №10 қазандықты іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Жезқазған жылу электр орталығының директоры Думан Сүлейменов

Берілген ақпаратқа сүйенсек, Жезқазған жылу электр орталығы 74 пайызға тозған. Жыл басында «Қазақмыс» корпорациясы қазандықтар мен турбиналарды жөндеуге 2,7 миллиард қаржы бағытталса, «инвестициялар айырбастау тарифі» бағдарламасы бойынша қосымша 11 миллиард теңге де бөлініпті.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Тіршілік нәрімен қамтуға бағытталған 56 млрд теңге тиімсіз жұмсалған