Алматыда 400 жетім бала баспанамен қамтылады

09.01.2024 в 21:34

Тәуелсіздік алғалы бері 9 мың тәрбиеленушіге ғана баспана бұйырған

Биыл Алматыда кемі 400 жетім бала баспанамен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балалар үйінен түлеп ұшқандардың тура мағынасында айтсақ, барар жер, басар тауы жоқ. Оңды-солын әрең ажыратар жасқа келгенде білместікпен бұрыс жолға түспеуі үшін тәрбиеленушілерге мемлекет көңіл бөліп-ақ келеді. Атқарылған шаруа аз емес, тек жылдамдық жетіспейді. Былтыр Мәжіліс депутаттары «осы қарқынмен жүрсек, кезекте тұрған жетім балалар 120 жылдан кейін ғана жекеменшік үйге ие болады» деген. Іле-шала Мемлекет басшысы оңтүстік астанаға келді, жастарды баспанамен қамтудың күн тәртібіндегі әуелгі мәселе екенін шегелеп жеткізді. Сол тапсырма жүзеге асса, биыл бірнеше жүз қоныстой тойланбақ.

– Қала әкімінің тапсырмасымен, кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында және кезекті азайту мақсатында 2 мың пәтер сатып алынды. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы 2 мың пәтердің 20 пайызы немесе 400 пәтер тек жетім балаларға беріледі. Оларды биыл көктемде пайдалануға беру жоспарда тұр, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Баспанамен қамту тізім бойынша іске асады десек, қазір үйлі боламын деген үмітпен 2,5 мыңға жуық алматылық тәрбиеленуші кезегін күтіп тұр. Кейінгі екі жылда коммуналдық тұрғын үй қорынан 69 жетім бала пәтер алған. Бірақ солардың бірі «баспанам бар дегенмен, еркіндік жоқ» дейді

– Келісімшартта ақылға қонымсыз дүние өте көп. Заңды некеге тұра алмаймыз. Пәтерді сату мен жалға беру былай тұрсын, жеке басқа өткізу қиын болып тұр. Күн-түн демей тексерушілер келе береді, мазаны алады. Оның үстіне, балалар үйінен шыққандардың бәрі бір тұрғын үй кешеніне орналасқан. Қоғамнан бөлектенбей, етене араласқымыз келеді. Әрине, үй алғанымыздың өзі қуаныш. Бірақ өзгерту енгізетін шарт көп, – деді қала тұрғыны Рахим Аширов.

«Алған пәтерімде қазір ешкім тұрмайды» деген балалар үйінің тәрбиеленушісі баспананың сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Ал жауапты басқарма өкілі ақпараты жоққа шығарады.

– Жергілікті бюджеттен қаражат құрылыс басқармасына бөлінеді. Құрылыс басқармасы үйлерді сатып алады немесе салады. Тұрғын үй дайын болған кезде қабылдап аламыз. Оның сапасына келсек, бәрі таза болуы керек. Есік, терезе, дәретханамен қамтылуы тиіс. Біз солай қабылдап аламыз, – деді Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

Екі жылдық кепілдігімен қоса жалға берілетін үйлерді әзірге сатып алу құқығы қарастырылмаған. Бірақ заң жобасы Мәжіліс талқылауынан өтті. Толық шешімді Парламент Сенаты қабылдайды.  

Қазақстанда жетім өскен әрі кәмелет жасына толған 63 мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр. Ал тәуелсіздік алғалы бері 9 мың тәрбиеленушіге ғана баспана бұйырған. Тың шешімі табылмай, кезегі көп күттірген мәселені біржақты ету үшін жауапты министрлік бірқатар жаңа әдіс жүзеге асады деген еді. Әзірге нақты жоба ұсынылмады.

Мадина Оқас, Рашидин Якубов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда комьюнити-орталық қай ауданда ашылды