Алматыда комьюнити-орталық қай ауданда ашылды

 Almaty.tv
Almaty.tv
Мегаполисте 680 мыңнан аса жас болса, оның 7 пайыздан астамы NEET санатына жатады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тағы 3 комьюнити-орталықтың тұсауы кесілді. Жастарға арналған орталықтар Медеу, Жетісу және Алатау аудандарында ашылды. Елімізде баламасы жоқ жоба мегаполистің барлық ауданында іске қосылмақ. Бастысы - мұнда көрсетілетін қызметтің бәрі тегін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Комьюнити орталықтардың негізгі аудиториясы – оқу да оқымайтын, жұмыс та істемейтін NEET санатындағы жастар. Мұнда оларға психологиялық-құқықтық көмек көрсетіліп, жұмысқа орналастыру, кәсіптік бағдар беру бойынша кеңес беріледі. Себебі жастар қаласы саналатын Алматыда 680 мыңнан аса жас болса, оның 7 пайыздан астамы NEET санатына жатады.

– Күнделікті табысын тауып жүрген, жұмыс іздеп жүрген жастар бар. Басқа да оқу оқығысы келетін, бағдарламаларымызбен танысқысы келетін адам көп. Сондықтан ашылып отырған жастар орталығы өте қолайлы және тиімді деп ойлаймын, – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.

– Өз ісін ашқысы келетін жастарға заңгерлік кеңес, тәжірибелі кәсіпкерлерден тегін кеңес беріледі. Біздің ауданның өзінде NEET санатында 7 мыңнан аса жас бар. Күніне жүз адамға дейін қабылдауды жоспарлап отырмыз. 14-35 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға есігіміз әрдайым ашық, – деді Медеу ауданы комьюнити - орталығының басшысы Рустам Қайрыев.

Жұмыс іздеген азаматтар «Jasalmaty.kz» ақпараттық порталына тіркеліп, «JobFair365» жұмысқа орналастыру платформасында түйіндемесін қалдыра алады. Сондай-ақ жаңадан ашылып жатқан әр орталықтың өзіне тән ерекшелігі бар. Жетісу ауданына жастар жаңа идеяны талқылап, блогын жүргізуге және шығармашылық мамандарымен тәжірибе алмасуға келсе болады.

– Жұмысқа орналастыру, білімін арттыру үшін және психологиялық кеңес беріледі. Заңгерлермен де тілдесе алады. Шығармашылығын дамытуға түрлі мастер-класс, тренинг ұйымдастырылады, – деді Жетісу аудандық комьюнити-орталығының басшысы Оңдасын Құлымбет

Орталықтың келушілеріне тамақтануға, спорттық және мәдени орындарға баруға, оқыту мен шеберлік дәрістеріне жеңілдіктер беретін кешенді дисконттық карталар іске қосылған. Алатау ауданында ашылған орталықта жастар көлік жүргізу курстары мен тіл курстарын да тегін оқи алады.

– Негізгі комьюнити-орталықтар білім беру, жұмысқа орналастыру және жеке дамуы сынды 3 бағытта жұмыс істейді. Жастар қатарлас басқа балалардың жетістігін көргенде, сол жақсы жолмен жүреді деген үміттеміз, – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков

Жастар комьюнити орталығы шығармашылық бастамаларды дамыту мен түрлі кеңес ұсынатын алаң ғана емес. Мұнда сондай-ақ тұрғындар әлеуметтік жағдайы төмен отбасына көмек беру үшін азық-түлік пен қажетті заттарды өткізе алады.

Ашылып жатқан 8 комьюнити орталық жылына 800 мыңнан астам жасқа қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. 2025 жылға қарай орталықтың санын 2 есе арттыру көзделген.

Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда БРТ жолақтары пайда болады

Новости партнеров