Халық қатысатын бюджет: Ақжар шағынауданында қоғамдық кеңістік ашылды

16.08.2023 в 19:51

Ерболат Досаев Наурызбай ауданындағы қоғамдық аймақтарды абаттандыру ісін тексерді

Жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының Ақжар шағынауданында «Халық қатысатын бюджет – 2023» бағдарламасы аясында салынған жаңа қоғамдық кеңістікке барды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылыс биыл 15 маусымда басталды. Қазір барлық жұмыс аяқталды. Осы жылдың күзінде 50 дана қылқанжапырақты және жапырақты екпелерді отырғызу жоспарланған.

Қоғамдық кеңістікті абаттандыру нәтижесін тексеру барысында Ерболат Досаев жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.

– Алматыда үлкен саябақ салу үшін бос жердің болмауы қиындық туғызады, бірақ тұрғындардың жайлылығы үшін жергілікті деңгейде саябақтар мен скверлер салып жатырмыз. Осындай мысалдардың бірі – Наурызбай ауданындағы тұрғындардың демалысы үшін салынған жаңа қоғамдық кеңістік, – деді Ерболат Досаев.

Тұрғындар ауданда өмір сүру сапасын одан әрі жақсарту мақсатында өзекті мәселелерді шешкені үшін, Ақжар шағынауданының халқын ауыз суға тұрақты қолжетімділікпен қамтамасыз еткені үшін алғысын білдірді.

Тұрғындардың сауалдарына жауап бере отырып, мегаполис әкімі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының тиімділігін және қала тұрғындарының оң пікірін ескере отырып, бағдарламаны қаржыландыру көлемі артатынын хабарлады. Биыл Наурызбай ауданына қосымша 875 млн теңге бөлінді. Осылайша ауданда 2,7 млрд теңгеден астам сомаға 67 жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде қоғамдық кеңістіктер мен жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру, жол инфрақұрылымы, сыртқы жарықтандыру желісі мен арық салу, суарудың автоматтандырылған жүйесін орнату бойынша жобалар бар.

Ақжар шағынауданындағы қоғамдық кеңістік бұрын қараусыз қалған, ауданы 0,2 га жерге салынған. Жергілікті тұрғындар әртүрлі тұрмыстық және құрылыс қалдықтары жиналған аумақты бірнеше рет тазартқан.

– Аталған қоғамдық кеңістіктің ашылуы Ақжар шағынауданының тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Бұрын мұндай алаң мен саябақ болған емес. Үш аймаққа бөлінген және балалар ойын аймағы, спорттық workout алаңы, сонымен қатар қала тұрғындары үшін демалыс аймағы ұсынылған, деді Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаева.

Оқи отырыңыз: Ауыз су: Ерболат Досаев сорғы станциясының жұмысымен танысты