Жезқазғанда алып сәби дүниеге келді

08.11.2023 в 20:40

Соңғы бірнеше жылда өңірде туу көрсеткіші артты

Жезқазғанда салмағы 6 килограмм болатын алып сәби дүниеге келді. Отбасындағы алтыншы баланың қазір жағдайы жақсы. Анасы мен сәби перзентханадан үйіне жіберілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Облыс бойынша соңғы бірнеше жылда бала туу көрсеткіші артқан. Жыл басынан бері өңірде 2815 сәби дүниеге келген.

38 жастағы Әсем Бердалина осымен алтыншы баласын дүниеге әкелген. 

- Бұған дейін 4 қыз бен 1 ұлды дүниеге әкелдім. Алтыншы сәбиімнің бойы - 62 сантиметр, салмағы - 6 килограмға жуық, - көпбалалы ана Әсем Бердалина .

 Ұлытау облысында жыл басынан бері 2815 бала дүниеге келді. Өңірде 6 босандыру мекемесі бар. Соның бірім - Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық. Мамандар соңғы бірнеше жылда туу көрсеткіші артқанын айтады. Соңғы уақытта үлкен салмақпен өмірге келген нәрестелер көп.

 -  Жезқазған перзентханасында тек физиологиялық босану емес, әртүрлі экстрегентальды патологиясы бар жүкті әйелге көмек көрсетеміз. 2023 жылдың 9 айында 19 әйел  ірі және алып бала туды. Бәрінің жағдайы жақсы. Оның ішінде 10 әйелге кесір тілігі жасалып, барлығы аман-есен үйіне жіберілді, - дейді Жезқазған перинаталдық орталық бөлімшесінің меңгерушісі Жадыра Таңқауова.

Жезқазған перзентханасы 2018 жылы акушер-гинекологтарға ғана емес, сонымен қатар бейінді мамандарға да көмек көрсету мақсатында облыстық көпсалалы ауруханаға көшкен. Қазір өңірдің барлық қала мен ауылдарына акушерлік көмек көрсетеді.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекеова, "Алматы" телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыда алғаш рет эпилепсиясы бар науқасқа күрделі ота жасады