СҚО-да сабақ онлайн форматқа ауысты

07.12.2023 в 20:30

Өңір аумағында ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеді

СҚО-да қыс қаһарына мініп, сары аяз сақылдап тұр. Өңір аумағында ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеді. Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқуға көшті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавл тұрғыны Марина Грибанова күннің күрт суып кеткенінен үйдің іші де жылынбай жатыр дейді. Баспанада қабат-қабат күртеше киіп жылынудан басқа амал қалмағанын айтады. Бастысы, жылу үздіксіз беріліп тұрса болғаны деп тілейді.

– Бұған дейін ауа райы қалыпты болған, үй де жылы болды. Бірақ кеше күн күрт суып кетті. Бірден сезілді. Үйдің іші де салқындап кетті. Іште де жылы киініп жүруге мәжбүрміз, – деді қала тұрғыны Марина Грибанова.

Ал өңір әкімі биыл Петропавлда жылумен мәселе болмайды деп сендірді. Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, қаладағы жылу электр орталығын жөндеуге инвестор 12 миллиард теңге бөлген. Ал оның 1,8 миллиард теңгесі түтін мұржасын жасауға кетеді.

– Қазір түтін мұржасын жөндеп жатыр. Оны 2023-2024 жылдары жылу маусымында іске қосу жоспарда жоқ. Жұмыс кестесіне сай жөнделіп жатыр. Келесі жылы жылу маусымына іске қосылады, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Аязға байланысты мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері қашықтан оқуға көшкен. Петропавл қаласының өзінде 27 мыңға тарта бала мектепке бармай, онлайн білім алып жатыр.

– Облыста 458 мектеп бар. Онда 75 мыңнан астам оқушы білім алады. Қашықтан оқыту форматына 72 мыңнан астам бала ауыстырылды. Петропавл қаласында 27 мыңға жуық оқушы қашықтан оқып жатыр, – деді Білім басқармасының бас маманы Айгүл Оспанова.

Түнде облыс аумағында ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендеген. Синоптиктердің болжамынша, өңір аумағында аяз әлі бірнеше күн бойы сақталады. Қазір облыс орталығында сынап бағанасы -32 градусты көрсетіп тұр.

– 7 желтоқсанда суық солтүстік-батыс антициклонының енуімен ауа температурасы күндіз 29-34 градус күрт төмендейді. Түнде 33-38 градус аяз, облыстың солтүстігінде қатты аяз, 41 градусқа дейін, ал күндіз 27-32 градус суық болады, – деді «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Гүлзат Ғазизова.

Төтеншеліктер де халықты алыс жолға шықпай, сақ болуға шақырады.

Айта кетейік, облыс жолдарында қысқы кезеңде 347 жылыту пункті дайындалды. Төтенше жағдайлар департаменті аймақтағы жағдай нашарласа, жолдарды жабуға тура келетінін айтады.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Шымкенттегі тұрғын үйлерге неге жылу берілмеген