Жолдау-2023: Президент Үкіметке атқаруы тиіс міндетті айқындап берді

08.09.2023 в 19:23

Саясаттанушылар Президент Жолдауына пікір білдірді

Адал азамат – адал қоғам. Адал қоғам – әділетті билік. Ал әділетті билік – халқы бай, экономикалық ахуалы жақсы, саясаты мықты мемлекет қалыптастырады. Президенттің халыққа Жолдауына қатысты осылай пікір білдірген қоғам зиялылары әділ Қазақстан құрамыз десек, осы қағидатты естен шығармаған жөн екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Азық-түлік, киім-кешек – адам баласына бірінші кезекте қажет дүние екені белгілі. Сондықтан жазушы Смағұл Елубай «Президенттің Жолдауда басымдықты ең алдымен экономикаға бергені өте орынды» дейді. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін саланың кемшіліктері қолға алынғаны — жаңаруымызға бастама екені хақ. Соның ішінде көптің көңілінен шыққаны – су мәселесі. Жазушы назардан тыс қала берсе, асқына беретін түйткілді түбегейлі шешу үшін 20 су қоймасын салу бастамасын құптайтынын айтты.

– Су Қазақстанға көктемде келеді. Оны күзге, жазға дейін сақтай алмай отырмыз, ол далаға кетіп жатыр. Осы ретте Президенттің жаны ашып, жанайқайын айтқан екен. Ал енді су шаруашылығындағы келеңсіздік экономиканың басқа саласында баршылық. Соның бәрін шешу ең алдымен әділ Қазақстанға байланысты, – деді жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай.

Ал саясаттанушы Жандос Уәлихан «биылғы Жолдау былтырғыдан ерек» дейді. Өйткені, бұл бастама мемлекетімізді экономикалық әртараптандыруға бағытталған. Шикізатқа тәуелділіктен арылу, орта тап пен шағын бизнесті дамытуға көп көңіл бөлінген. Ал жергілікті басқаруды дамытудың тетіктері  өңір тұрғындарына саяси тағдырын таңдауына мүмкіндік бергенін айтады.

– Аудандық әкімдер облысқа тәуелді болып келді. Келер жылдан бастап, халық аудан әкімін сайлайды. Бюджетті облыстық әкімдіктен тәуелсіз еткені де көңілден шығып отыр. Жергілікті халық  мәслихат депутаттары мен аудан әкімі арқылы әлеуметтік саяси тағдырын өзі анықтайды деп айтуға болады, – деді саясаттанушы Жандос Уәлихан.

Саясаттанушылардың пікірінше, халық асыға күткен Жолдауда Президент Үкіметке атқаруы тиіс тікелей міндетті айқындап берді. Бұл берілген тапсырманың жүйелі әрі уақытылы орындалуына серпін бермек.  

– Президент мемлекеттік әкімшілік басқару жүйесінде өзгеріс енгізді. Яғни, осы уақытқа дейін кемшілік болды. Кейбір мәселелерді 2 мемлекеттік орган атқаратын еді. Енді әр министрліктің өзінде жүктелген міндеті болады, – деді саясаттанушы Пердехан Шәмшиев.

Жолдауда көптен бері халықтың көкейінде жүрген, тездетіп шешімін табуды талап ететін мәселелер айтылғаны рас. Қоғам зиялыларының айтуынша, оны оңтайлы шешу үшін адал азаматтар керек. Тек адал азаматтар адал қоғамды құрады, Әділетті Қазақстанның мәртебесін көтереді.

Аяулым Көлжігіт, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жолдау-2023: Ұлтжанды ұрпақты ұлттық құндылыққа негізделген оқулық тәрбиелейді