Жолдау-2023: Ұлтжанды ұрпақты ұлттық құндылыққа негізделген оқулық тәрбиелейді

egemen.kz
egemen.kz
Қоғам зиялылары Президенттің халыққа Жолдауына қатысты пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел болашағы жастар десек, ұстаздар оқушыларға «қызмет етуі» керек. Өскелең ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы ең алдымен мұғалімдерге байланысты.  Ұлтжанды ұрпақ өсіру үшін де ұлттық құндылыққа негізделген жаңа оқулық әзірлеу маңызды. Ал экономикамызды нығайтамыз десек, халықтың кәсіп жасап, нәсіп асауына бар жағдай жасаған абзал. Оның бастамасы әлемдік сауда нарығына жол ашатын – ауыл шаруашылығы болмақ. Бұл - Президенттің халыққа Жолдауына қатысты қоғам зиялыларының пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұғыры биік тәуелсіздіктен кейін ел болашағы үшін маңызды нәрсе – мемлекет экономикасының қауқары екені хақ. Жазушы Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, Президент халыққа Жолдауында ең алдымен мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне тоқталғаны көптің көкейіндегі мәселені қозғады. Ежелден төрт түлік бағып, егінмен күн кешкен қазақтың кәсібін нәсіпке айналдыруы үшін ауыл шаруашылығын дамыту – орынды бастама. Ол үшін жекенің жетегінде кеткен жерлерді шаруаларға беру керек.

– «Қазақтың жері кең» деп мақтанғанда жер-көкке сыймаймыз. Бірақ егін егемін десе, мал жаямын десе, жер жоқ болып шығады. Себебі оның бәрін алпауыттар, латифундистер иемденіп алған. Сол жерлер қайтарылмай жатыр. Олардың иелері шетелге кетіп қалған, тіпті о дүниелік болып кеткендері бар. Осы қайтару деген мәселені кәдімгі заңмен  қадағалап отырып, комиссиямен жедел қолға алып, халыққа жер беру керек, – деді Түріксой жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Ал саясаттанушы Талғат Жанысбайдың айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеру – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді бастамалардың бірі. Қымбатшылық қамыты қысып тұрғанда, көптің күнкөріс деңгейін арттыруға серпін болмақ. Бұдан бөлек, Президент басымдық берген су мәселесі де әлемде күн тәртібіне енген түйткіл екенін алға тартты.

– Оңтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығының су тапшылығы байқалып жатыр. Жыл сайын үлкен проблемаға айналып барады. Сондықтан да Су ресурстары және ирригация министрлігін құру дұрыс деп ойлаймын. Бұл министрлік 10 жыл көлемінде жоспарын дайындап, суды қалай үнемдеуді шешеді. Израильдің тамшылатып суару әдісін қолдандық, соны ары қарай дамыту секілді басқа да тетігін ойлап табады деп сенемін, – деді саясаттанушы Талғат Жанысбай.

Сапалы білім, саналы тәрбие, білікті, жанашыр мұғалім. Аягүл Миразованың айтуынша, осы қағидалар ел ертеңіне сеніммен қарауға мүмкіндік бермек. Ұлағатты ұстаз Мемлекет басшысы жастардың біліміне, құқығына, мүмкіндігіне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Ал Президент берген тапсырманы орындауда Үкіметке қаржыға байланып, уақыт жоғалтпау керек. Бірден білек сыбана кірісіп, ұлттық құндылыққа негізделген оқулық жасап, жаңа жүйеге көшу керек. Мұғалімдердің біліктілігін үздіксіз арттырып отыру да маңызды болмақ.

– Айлық мәселесін көтерген дұрыс. Бірақ алдыңдағы шәкірттерге сапалы білім беруді бірінші орынға қою керек. Соған жауап беру керек. Сонда ғана білімнің сапасы болады. «Мұғалімдер екі нәрсеге ғана жауап беруі керек» деген дүниеге қарсымын. Мұғалім ұстаз ретінде білімге де, ілімге де, тәрбиеге де жауапты, – деді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының бұған дейін Халыққа Жолдауында айтылған мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беріліп, миллионға жуық адам баспаналы болды. Ал биылғы Жолдауда айтылған тапсырмалар үш жылдың ішінде орындалуы тиіс.

 Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ауылшаруашылығын дамыту жолдары қандай - мамандар пікірі


Новости партнеров