Алматы облысында ер адам мен төрт баласының неден уланып көз жұмғаны анықталды

10.05.2023 в 14:00

Отанасы ауруханада жатыр, жағдайы бірқалыпты

Алматы облысында қаза тапқан отбасы мүшелері көміртегі тотығымен улануы мүмкін. Бұл - облыстық полиция басқармасының алдын ала болжамы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Естеріңізде болса, осыдан 6 күн бұрын Төтенше жағдайлар департаментіне Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Көлащы ауылындағы жеке тұрғын үйде алты адамның уланғаны туралы хабарлама түскен еді. Салдарынан бүтін бір отбасының бес мүшесі - 1984 жылы туған ер адам мен төрт бала көз жұмды. Ал отанасы ауруханада жатыр, жағдайы бірқалыпты.

– Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Айта кетейік, тергеудің толықтығы үшін Алматы облысының ТЖД зерттеу сынақ өрт зертханасы, Газ қызметі шақырылды. Түпкілікті шешім тағайындалған сараптамалық тексерулердің нәтижелері бойынша қабылданатын болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер көміртегі тотығымен уланған, – деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.