Костенко атындағы шахтадан тағы екі кеншінің мәйіті табылды

29.10.2023 в 14:44

29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

29 қазан сағат 14:00-дегі жағдай бойынша, Костенко атындағы шахтада 38 адамның денесі табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, шахтадан 38 адамның денесі табылды, 8 кенші әлі іздестіріліп жатыр.

Іздеу жұмыстарын жүргізу қираған шахта жабдықтарының, сондай-ақ жекелеген жерлерде үйінділердің болуымен қиындай түскен.

Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағандыда (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) "жедел желі" телефондары жұмыс істейді.

29 қазанда Қазақстанда Қарағанды кеншілерінің қазасына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада қайғылы оқиға 28 қазанға қараған түні – 02:33-те болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалды, іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Бастапқыда төрт адам қаза тапты деп хабарланғанымен, кейін құрбандар саны арта берді.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер Костенко шахтасында зардап шеккен кеншілердің жағдайы туралы айтты