Жамбыл облысында қар құрсауында қалған 25 адам құтқарылды

02.02.2024 в 19:13

Азаматтардың бәрі арнайы пунктерге жеткізілді

Бүгінде өңірде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Құзырлы органдар қауіпсіздік шарасын күшейтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. Алайда жол жабылғаннан соң Тараз бен Шымкент арасындағы трассада 6 шақырымдық көлік кептелісі пайда болды.

Бірнеше күн бұрын Алматы-Ташкент тасжолында болған жол апатынан 25 адам зардап шеккен. Қазір соның 5-еуі Жуалы ауданының орталық ауруханасында жатыр. Тағы екеуі тікұшақпен Таразға жөнелтілді. Дәрігерлердің айтуынша бір науқастың мойын омыртқасы сынған.

- Науқасқа тиісті көмек көрсетіліп, бүгінде нейрохирургия бөліміне ауыстырылды. Ал екінші адам ауруханаға кеше түсті. Оның аяқ-қолы сынған. Қазір оған ота жасалды. Бәрі ойдағыдай өтсе, ол да бөлімге ауыстырылады, - дейді Тараз қалалық №1 көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков.

Қазір өңірде жол ашық. Алайда жүк көліктеріне шектеу бар. Ауа райына байланысты облыстағы тасжолдың бойы кептеліс. Көктайғақ пен қар салдарынан жүк көліктері тоқтап тұр.

- Тұрғанымызға 5-6 сағат болды. Біз Астанадан Шымкентке бара жатырмыз. 3 күн өтті әлі жолдамыз, - дейді көлік жүргізушісі Талғат Артықбаев.

Жағдайға байланысты аймақтағы төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс жүйесіне көшірілген. Қауіпсіздік үшін жеке құрамнан жалпы 376 маман жұмылдырылып, 60-тан астам техника тартылды.  

- Өткен тәулікте Жамбыл облысындағы күре жолда 25 адам құтқарылды. Олар Жуалы ауданының аумағында қар құрсауында қалып қойған. Азаматтардың бәрі арнайы пункттерге жеткізілді, - дейді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташова.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегі бойынша құтқарушылар бір күнде 160-тан астам шақыртуға шыққан. Соның 100-ге жуығы іздеу жұмысы. Құзырлы органның мәліметінше өткен тәулікте 200-ден астам адам құтқарылды.

Оразай Нұртайұлы, Қанат Бақытұлы, "Алматы" телеарнасы, Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: тасжол жабылды