Нарынқолдағы жол апаты: мамандар науқастарды Алматыға неге ұшақпен жеткізбегенін түсіндірді

27.09.2023 в 20:50

Ауылда жаңа аурухана салынады

Нарынқолда көлік қағып, кейін ауыр жағдайда Алматыдағы аймақтық балалар ауруханасына жеткізілген бес қыздың қазір жағдайы тұрақты. Төрт науқасты травматологиялық бөлімшеге ауыстырған. Алайда ауыр жарақат алған 15 жастағы қыз әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Бүгін арнайы брифинг өткізген денсаулық сақтау басқармасының өкілдері аурухананың жағдайына да қатысты сөз қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл жұртының аманатына айналған алты қызды көлік қаққалы бүгін – алтыншы күн. Оларды 21 қыркүйекте 1,5 жарым тонна болатын автокөлік басып кетіп, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен еді. Алматыдағы аймақтық аурухананың ақ халаттылары «қазір олардың жағдайы тұрақты, сауығып кетуі үшін барлық амал жасап жатырмыз» дейді. Тіпті кей науқастардың тілге келіп, оң өзгеріс барын айтып қалды.  

– Алтыншы баланың Нарынқол ауруханасындағы жағдайы қалыпты болғандықтан, үйге жіберілді. Қалған бес бала ауыр жарақат алғандықтан ауруханада жатыр. Дүйсенбіден бастап барлық балаға ота жасадық. Сүйегі қалпына келтірілді. Дамира аман-есен, өзі демалып жатыр. Теріс динамика жоқ. Болашақта балалар аман-есен шығады деген үміттеміз, – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Асқар Қалиев.

Ал осы оқыс оқиғада зардап шеккендерге алғашқы көмек берген Нарынқолдағы аудандық ауруханының да ахуалын ауыл адамдары айтып қалды. Олар «тозығы жеткен ғимаратқа жөндеу жүргізіп, медицина мамандарының жұмысына лайықты жағдай жасалса» деп желіге де пікір қалдырған. Сонымен қатар көпті ауыр жағдайда жатқандарды неге ұшақпен жеткізілмегені толғандырған.

– Менің білуімше, Алматы облысында ұшақ қарастырылмаған. Ұшақ облыс бөлінген кезде, Жетісу облысының еншісінде қалған, – деді Райымбек аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Руслан Көккөзов.

Ал медициналық мекеменің ескі екенін ондағы қызметкерлер де растап отыр. Сондай ақ қажетті құрылғылар мен маман тапшылығы барын да жасырмайды.

– Аудандық деңгейде компьютерлік томограф, МРТ аппараты жоқ. Толық тексеріс жүргізу үшін де облыстық ауруханаға жолдама береміз, – деді Райымбек аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Руслан Көккөзов.

– Бәрі керемет деп айта алмаймын. Көмек көрсетуге болады, – деді Райымбек аудандық ауруханасы директорының орынбасары Төлебай Айнабеков.

Аталған аурухананың кемшілігін реттейтінін айтып, Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да ақталды.

– Аудандық аурухананың ғимаратының күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты дайын. 2024 жылы күрделі жөндеу басталады. Сонымен қатар 250 орындық аурухана салынып жатыр, – деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева.

Елдің айтуынша, ауылдағы апатты жағдайға тәртіптің де осалдығы себеп болған. Егер жергілікті полиция жұмысын жақсы істесе, бәлкім, құжатсыз көлікке ешкім отырмас еді.

– Тәртіп сақшылары жол ережесінің сақталуын қадағалау керек еді. Ата-аналар да балаларына жауапкершілікпен қарағаны жөн, – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Гүлжамал Қарабалина.

Ал осы іске қатысы бар деген 15 жастағы жасөспірімге ата-аналар тарапынан ешкім шағым түсірмеген көрінеді. Өйткені тұтас тұрғындардың тілегі – алдымен оқушылардың аман оралуы.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бейіттегі бассыздық: Қаскелеңдегі зиратта темір ұрлығы тыйылмай тұр