Түркістанда 6 полицейге қатысты сот отырысы айғаймен аяқталды

26.07.2023 в 19:46

Орын алған тәртіпсіздік 5 минуттан соң күзет күшімен әрең тоқтады

Түркістанда 6 полицейге қатысты сот отырысы айғай-шумен аяқталды. Олар қой ұрлаған қос күдіктіні азаптап, заңсыз ұстады деген баппен бір жыл бұрын қамалған. Содан бері тергеуде болғандарға қатысты бүгін сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістандық полицейлерден қорлық көрдім деген ер адамның бұл видеосы әлеуметтік желіде бір жыл бұрын жарияланған еді. Тергеу бөлімінде «пагон таққандар басыма пакет кигізіп тұншықтырды деген» ол прокуратураға шағымданып, соңында 6 полицей қамауға алынған. Олардың үстінен азаптау және адамды заңсыз ұстау бабы бойынша іс қозғалып, сот ақыры бүгін нүктесін қойды. 6 полицейдің екеуі 4 жылға, төртеуі 3,5 жылға бас бостандығынан айрылды.

– Сотталушылардың сол жерде болғанын, жәбірленушілерге азаптау және заңсыз ұстау фактілерін сотталушылар тарапынан жасалғанын дәлелдейді. Аталған дәлелдерге күмәнмен қарауға негіз жоқ деп санаймыз, – деді Түркістан қаласының судьясы Абай Бекботаев.

Алайда үкіммен келіспеген сотталушылардың жақындары сот залында бірден наразылық білдіріп, шу шығарды. Іле-шала бұл жанжалға отырғандар да қосылып кетті. Кінәсіз екендерін айтып айғайлаған олар тіпті шыны қоршауды сындырып сыртқа ұмтылды.

Іште айғай бастала салысымен сот залынан үкімді түсіндіруге отырған судья мен прокурор бірден қашып кетті. Орын алған тәртіпсіздік 5 минуттан соң күзет күшімен әрең тоқтады. Ал сотталғандардың жақындары жедел жәрдем көмегіне жүгінді.

– Біздің балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Егер менің балам кінәсіз болғанда дәл мынандай жағдай болмайтын еді. Ол жазықсыздан қамалғаны үшін, әке-шешесіне жаны ашығаны үшін өзін ұстай алмай қалды. Біздің балалардың қылмысы ешқандай дәлелденбеді. 27 сот отырысы болды. Мен өзім біреуіне қалмай келдім. Сот отырысында олардың бірде-бір дәлелі дәлелденбеді, – деді сотталушының анасы Рая Құдайқұлова.

Айта кетейік, сот отырысына қой ұрлады деп күдікке ілініп, соңында өзі жәбірленуші атанған тұрғын келген жоқ. Ал абақтыға қамалған экс-полицейлердің ата-аналары енді апелляцияға жүгінбек.

Өмір Әнуарбек, Назерке Үкібасова, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Алматы облысында 100-ден аса отбасы тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы