|
07.05.2023 | 12:25
3203

Алматыда Қорғаныс министрінің кубогы үшін армиялық қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті

Турнирде жекпе-жекке шығып, мықтылығын сынауға 130-дан астам әскери қызметші жиналды

Алматыда Қорғаныс министрінің кубогы үшін армиялық қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті gov.kz

Алматыда армиялық қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Қорғаныс министрінің кубогына ашық республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әскери-қолданбалы жарысқа Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың, ҰҚК Шекара қызметінің, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің құрамаларынан барлығы 18 команда қатысты.

Татамидегі таласты тартыс екі күнге созылды. Турнирде жекпе-жекке шығып, мықтылығын сынауға 130-дан астам әскери қызметші жиналды.

Жауынгерлердің мықтылығы сынға түскен сайыста Қорғаныс министрлігінің құрамасы (32039 әскери бөлімі) алтын олжаласа, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің командасына күміс бұйырды, ал «қоланы» – Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштерінің спортшылары еншіледі.

– Командамыз турнирге мұқият дайындалды. Қарсыластар да осал емес, жекпе-жектер де оңай болған жоқ. Осындай шиеленісті сайыста жауынгерлеріміздің техникасы мен нәтижелі жетістіктеріне риза болдым, – деді Қорғаныс министрлігі 32039 әскери бөлімінің офицері майор Аман Шәкіртов қуанышты көңіл-күймен.

Жарыс қорытындысы бойынша жеке есепте 57 келіге дейінгі салмақта Аман Шәкіртов үздік атанды. 62 келіде десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгері Айдын Нұридинов жеңіске жетті. 67 келі және 73 келі салмақтарда Қорғаныс министрлігі командасының өкілдері – сержант Олжас Ержан және майор Вадим Федосеевке тең келер қарсылас болмады.

Одан кейінгі үш салмақта ІІМ өкілдері жеңімпаз атанды. Полиция лейтенанты Нұрбол Сқақов – 80 келіде, полиция капитаны Рахметулла Сатыбалдиев – 88 келіде, полиция аға лейтенанты Эльдар Мұхитов - 97 келіде  жеңіс тұғырынан көрінді.

97 келіден жоғары салмақта Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің жауынгері ефрейтор Еламан Қуатов алтын иеленді.

Армиялық қоян-қолтық ұрыстан турнир қорытындысы бойынша командаларға Қорғаныс министрінің атынан кубоктар, ал жеке есепте жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанғандарға медальдар мен грамоталар табыс етілді.

Мұндай жарыстар беделді халықаралық турнирлерге қатысатын мықты спортшыларды анықтауға септигін тигізеді. Олар әскери қызметшілердің спорттық шеберлігін жетілдіреді, жауынгерлік рухты оятып, әскери серіктестікті нығайтуға ықпал етеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир