Зорлық-зомбылық: заң жобасын Мәжіліс мақұлдады

21.02.2024 в 19:02

Соңғы 7 айда үйдегі жанжалға қатысты 50 мың жағдай тіркелген

Қазақстанда бұдан былай әйеліне қол көтергендер сотталып, педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Көптен бері қоғам талқысында жүрген заң жобасын мәжілісмендер бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда күйіп тұрған бір мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Соңғы 7 айда үйдегі жанжалға қатысты 50 мың жағдай тіркелген. Ресми дерекке сүйенсек, жыл сайын елде 80 әйел таяқтың астында қалып, тирандардың қолынан қаза табады. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша олар бар болғаны әкімшілік жауапкершілікпен құтылып келген. Ендігі жерде жаза қатаңдатылады.

– Денсаулыққа зиян келтіру бабы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде қарастылыған. Сәйкесінше, әкімшілік айыппұл салынып келген. Бүгінгі таңда осы бап Қылмыстық кодекске енгізіліп отыр, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Заң жобасында зорлық-зомбылықтан бөлек, азаматтың жеке басына қол сұғып, қатыгездік танытқандарға да шара қолдану ұсынылып отыр. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірсе, 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалайды. Мұнымен қоса, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту тағы бар. 

Отбасында ойран жасап, үйінің берекесін қашыратындар енді бала-шағасымен бірге тұра алмайды. 

Билеті жоқ балаларды жарты жолда қоғамдық көліктен түсіріп кететін жүргізушілер де заңмен жазаланады.

– Бұл норма 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты қолданылады. Кейде кішкентай баланың ақшасы жетпей қалуы мүмкін. Соның салдарынан олар көшеде тоңып қалып жатады. Басқа да қатерлі жағдайға ұшырауы мүмкін. Сондықтан осындай оқиғалардың алдын алу үшін арнайы норма енгізіліп отыр. Ендігі жерде жауапкершілік автобус жүргізушісі мен кондукторға артылады, – деді ҚР ІІМ орынбасары Игорь Лепеха.

Құзырлы орган өкілі Ұлытаудағы жаға ұстатқан жағдайға қатысты жаңалықты атап өтті. Өгей балаларын құлдықта ұстаған безбүйрек ана 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Министрдің орынбасары «күдікті әйел әзірге уақытша ұстау изоляторында болады» деді.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала өлтіргендер және педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады