|
26.04.2021 | 16:56
3540

ҰОС ардагері Көлбай Әнәпияұлы: Жеңісті қарсы алған сәт жадымда мәңгі сақталып қалды

Ардагердің екі ағасы соғыстан қайтып оралмаған

Оның балалық шағын қара еңбек пен соғыс ұрлады. Одан кейін қанша жыл өтсе де, өткен ғасырдағы көрген қиындық пен қазақ елінің басына түскен ауыр күндер әлі жадында.

Көлбай Әнәпияұлының алдымен соғысқа екі ағасы кетіп, мерт болады. Кейіннен өзі де армияға қабылданып, майдан даласында ерлік көрсетті. Майдангердің естеліктерін Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтқан еді.

1944 жылы бозбала Көлбай 18 жаста еді. Әскерге шақырту келеді. Кейіннен Семейге барып, полктағы соғыс тәсілін үйрену үшін 6 ай запастағы оқу-жаттығу жиынында болады. Екінші Беларусь майданы 12-гвардиялық дивизиясының 197-полкінде минометші болып ұрысқа қатысады. Майдан шебімен Берлинге жақындағанда Жеңісті қарсы алған сәттегі қуаныш жадында мәңгілікке ұмтылмастай жатталып қалғанын айтты.

«6 ай Германияда болып, 1100 шақырым жаяу жүріп, Брест қаласының оңтүстігіндегі әскери қалашыққа келіп орналастық. Беларусь әскери округіне қарасты 12-ші гвардиялық дивизия құрамында болдым. Кіші сержант атағын алып, бөлімше командирі, рота старшинасы болып қызмет еттім», - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Көлбай АНАФИЯЕВ.

1945 жылы негізгі миссияны Берлин қаласында аяқтағаннан кейін, Көлбай Әнәпияұлы Ресейде бірнеше жыл коменданттық тәртіп сақтау үшін қызмет етеді. Кейіннен елге келіп, комсомол комитетінің бөлім басшысы болады. Бұдан бөлек, ардагердің ауыл шаруашылығына қосқан үлесі де көп.

– Ата, кеудеңізге таққан төсбелгілер туралы айтып беріңізші. Қайсысын ең бірінші алған едіңіз? 

– Бірінші алғаным мынау, Сталиннің «1941-45 Ұлы Отан соғысы жылдарында Германияны жеңгені үшін» медалі.

 – Бұл медальдің сіз үшін орны бөлек шығар? 

– Әрине...

Елде төтенше жағдай жарияланса да, мұндай ерлік көрсеткен ерлеріміздің бірде-біреуі елеусіз қалмайды. Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі. Ардагер бүгінде мемлекет қамқорлығын толығымен сезініп отыр. Үкімет уәде еткен 1 миллион теңгені де алып үлгерген. 

«Президент мерекеге 1 млн теңге ақша берді және де басқа да қамқорлығы бар. Сол ақшаны немереме бердім. Балаларымның, немерелерімнің қамқорлығымен жүріп жатырмын, Құдайға шүкір», - дейді Көлбай ақсақал.

Көлбай Әнәпияұлы – бүгінде 95 жастағы бақытты ардагер. 9 баладан 25 немере мен 27 шөбере көріп отыр. Бүгінгі бейбітшіліктің қадіріне ештеңе жетпейді дейді ақсақал. Ал оның ерлікке толы ғұмыры көпке үлгі болып қалары анық.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеранасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир