|
27.03.2024 | 19:35
1029

Үйінді астында қаламыз: тозығы жеткен тұрғын үй тұрғындары көмекке зәру

Тараздағы 1460 көпқабатты үйдің 850-ін күрделі жөндеу қажет

 Үйінді астында қаламыз: тозығы жеткен тұрғын үй тұрғындары көмекке зәру Almaty.tv

Тараздық тұрғындар үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. Себебі 50 жыл бұрын салынған екі баспана әбден тозған. Көпқабатты үйдің қабырға сылағы түсіп, кірпіштері құлап жатыр. Амалы таусылған тұрғындар әкімдіктен көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыс орталығындағы қатар тұрған көпқабатты 2 үйде мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрады. 130-дан аса пәтер иесі «үйіміз үйіндіге айнала ма» - деп алаңдаулы. Себебі ескі үйлердің іргетасы үгітіліп жатыр. Оған қоса сылағы сыпырылып, қабырға кірпіштері құлай бастаған. Тұрғындар «тағы да жер сілкінсе, 4 қабатты үй қирап қала ма» деп үрейленеді.

– Жер сілкінетін болса, баспана құлайды. Үгітіліп түсіп жатыр. Баспана көгеріп кеткен – деді қала тұрғыны Манат Түменбаева.

Тұрғындар тұрғын үйдің шатыры мен жертөлесі 14 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткенін айтады. Бірақ құрылыс сапасыз жүргізілген. Мердігер ескі шатырды ауыстырмай, тек коммуникациялық желілерді жаңартқан. Оның өзінде су құбырларын тот басып, жиі тесіле бастапты. Қазір үйдің жертөлесі ылғалданып, тұрғын үйден көгерген иіс шығады. Ал өрмекшінің өрмегіндей болған жарық желілерін жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмаған көрінеді.

– Өрт шықса, не боларын елестеу қиын. Маманда келіп көрді, бірақ көрмегендей болады, – деді қала тұрғыны Бақытжан Жабаев.

Ал қалалық әкімдік баспаналардың мұндай күйге түсуін тұрғындардың өзінен көреді. Себебі жергілікті билік көпшілікке «меншік иелері бірлестігін» құру туралы ұсынысты бірнеше рет айтқан. Бірақ пәтер иелері құлақ аспапты. Десе де қала әкімінің орынбасары жеке тұрғын үйді мемлекет тарапынан жөндеуге мүмкіндік бар екенін айтты. Тек тұрғындардың кем дегенде 70 пайызы келісім беруі керек.

– Халықтың басым бөлігі талапқа сәйкес қолдайтын болса, жөндеу жұмыстарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргіземіз. 70-80 миллион теңге шығындалады деп ойлаймын, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Бүгінде Тараздағы 1460 көпқабатты үйдің 850-ін күрделі жөндеу қажет. Әкімдіктегілер бұл мәселені кезең-кезеңімен шешпек. Мәселен биылдыққа бюджеттен бөлінген 5,3 млрд теңгеге 53 үй жаңғыртылмақ.  

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Қояндыдағы тұрғындар далада қонуға мәжбүр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир