Астана іргесіндегі Қоянды ауылын су басып, халықты әбігерге салды. Екінші күн қатарынан тұрғындар қарғын судың құрсауында қалған үйін тазалай алмай әлек. Әлі де тасқын күш алуы мүмкін деген қараша төтенше жағдай жариялауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – кеше кешке түсірілген бейнежазба. Көктем келсе болды, халықтың әбден берекесі қашатын көрінеді. Себеб, аядай ауыл жылда қарғын судың құрсауында қалып қояды. Биыл да сол жағдай қайталаныпты.
Халық талабын айтқанымен, тасқынға ешкім тосқауыл бола алмады. Ауылда бір түннің ішінде бірнеше үйді су басып қалған. Тұрғындардың алды баспанасын тастап, далада қонған. Іштегі техника істен шығып, пәтердегі жиһаз түгел суға малынған. Халық «жағдайымызды көре тұра әкімнен бір қайыр болмады» деп ренжіді.
– Жылда су ағады. Арықтарды дұрыс жасалмаған. Бүкіл көшені су басып қалды. Екі күн болды тазалап жатырмыз. Астанадан трактор шақырдым. 140 мың теңге төлеп, арықты аштым, – деді Қоянды ауылының тұрғыны Бақыт Соңғыбай.
Қояндылықтар қарғын сумен екінші күн бойы алысып жатыр. Әбден берекесі қашқан тұрғындар арық қазып алуға көшкен. Басқа амал жоқ. Көше басынан келген су тіпті үйінің ішіне кіріп, көл болып жатыр.
Аяқта резіңке етік, қолда күрек. Үйге су кірмесін деген тұрғындар тазалауға білек сыбына кірісіп кеткен. Тасқын басталғалы жауаптылардан ешқандай көмек болмаған көрінеді. Ауылдағылар әкімді де, әкімдік өкілдерін де көрмеген. Шырылдап көмек сұраған көптің мәселесінен әкім хабардармын деп сендірді. Бірақ шарасыз екенін айтып ағынан жарылды. Оның айтуынша, тасқынға қарсы күреске бөлінетін қаржы жетпейтін көрінеді. Жылда техника сұрап, құрылғыларға өтініш берсек те, жарымай келеміз деп ақталды.
– Қыс мезгілінде қардан тазалап, қар шығару үшін аудандық маслихаттың әкімшілікке беріп отырған ақшасы жеткіліксіз. Соған байланысты жылда өтініш береміз. Былтырмен салыстырғанда биыл сәл көбірек ақша 6 ақпанда берілді, қазір жұмыс істеп жатырмыз, – деді Қоянды ауылының әкімі Бахытхан Солтанбай.
Қояндыдағы апатқа байланысты ауылда арнайы штаб құрылған. Ауыл көшелерінен 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды. 10 инженерлік және арнайы техника жұмылдырылған. Су басқан үйлердің шығынын кім өтеп берері әзірге белгісіз. Төтеншеліктер келер апта тағы тасқын болу қаупі басым екенін алға тартты.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысынан
Оқи отырыңыз: Дауылды ескерту: елдегі су айдындарына үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатыр