|
06.06.2024 | 19:33
2433

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық буыны нығая береді - Ресей президенті

Владимир Путин екі ел арасындағы шекараның маңызына да тоқталды

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық буыны нығая береді - Ресей президенті Almaty.tv

«Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық буыны нығая береді». Ресей федерациясының Президенті Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында осылай деді. Владимир Путин саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерінде екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде деп бағалап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың болашағы жарқын. Ресей басшысы өз сөзінде екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестік пен сауда-экономикалық қатынастың маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ғарыш саласында да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен достық қарым-қатынасын атап, республиканың солтүстік аймағын газбен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.

– Қазақстан мен Ресей - бұрыннан бері көршілес жатқан бейбіт елдер. Ресей президентінің айтуынша, 76 субъект Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Расында екі арасында өңірлік ынтымақтастық өте жақсы дамыған, – деді саясаттану ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаев.

Владимир Путин екі ел арасындағы шекараның маңызына да тоқталды. Саясаттанушылар да бұл бейбітшілік пен тату көршіліктің, ынтымақтастықтың шекарасы деп бағалап отыр.

– Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарамыз 7,5 мың километрді құрайды. Сондықтан «шекарамыз тыныш болсын, ел ахуалы әрі қарай дами берсін» деп басшылар әрекет жасауда, – деді саясаттанушы Айдар Әміребаев.

Саясаттанушылар көршілес мемлекеттің еліміздің негізгі сауда-экономикалық серіктесі екенін тілге тиек етті. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың да тарихы тереңде жатыр.

– Ресей елінің кәсіпкерлерімен бірлесе Қазақстанда өндіріс ошақтары ашылып жатыр. Ел экономикасын дамытуда бірлескен жобалар маңызды. Сенімді әрі берік қатынастың қарқынды жалғасуы екі ел үшін де тиімді, – деді саясаттанушы Замир Қаражанов.

Айта кетейік, екі ел арасында су ресурстарын тиімді пайдалану, яғни трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық бар. Бұл келісім де мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына сеп болып отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда TikTok бұғаттала ма - вице-министрдің жауабы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир