|
26.03.2024 | 19:37
2529

Топырақ көшкіні: Бесағаш ауылындағы үй сүрілді

Апатқа қатысты тексеру жұмыстары басталады

Топырақ көшкіні: Бесағаш ауылындағы үй сүрілді Аlmaty.tv

Алматы облысы Бесағаш ауылындағы топырақ көшкен аумақта қауіп әлі де бар. Төтеншеліктер құны 57 миллион болатын үйді сүріп тастап, топырақты тазартып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, 22 наурыз түнгі сағат 23:00 шамасында тосыннан келген апаттан екі үй зардап шегіп, бір үйді топырақ басып қалған. Сол түні төтенше жағдай жарияланып, маңайындағы 11 отбасы эвакуацияланған.

Мына көріністен соң осы маңда зәулім үй, қосымша сарай болған десе сенбессіз. Топырақ көшкенге дейін мұнда бау-бақшасы жайнаған жазғы алаң болған. Қауіпті сейілту үшін үйді түгел сүріп тастаған.

Баспананы бұзбас бұрын топырақ біразға дейін жылжуын тоқтатпады. Тіпті үйдің астындағы темір тағандарын да сындырып кетті. Тіпті жапсарлас салынған қойманың контейнері төмен ауып, елдің зәресін алды. Ал бұл маңда 11 үй тұратынын ескерсек, мамандар адам шығыны болуы мүмкін екенін жасырмады

– Кезінде паймен алынған жерлер, бөліп-бөліп сатқан. Ол адамдар тірі болса, табылады. Прокуратура іс қозғайды. Комиссия оқиға себебін анықтайтын болады. Құдайға шүкір, адамдар аман, – деді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков

Үй иесі жер телімін күзде 57 миллионға сатып алған. Алайда оның қауіпті аймақта екенін білмегенін айтып, жылап отыр.

– «Үйдің, жердің құны жоқ» деп тұрсыздар. Басыңызға бермесін. Шығынын өтеп берсін. Құлайды деп ойлаған жоқпын, – деді үй иесі Мақпал Оразиман.

– Далада қалмайсыз.  Жер тауып береміз. Материалдарын алып кетіңіз, ертең пайдалануға керек болады. Басқа амал жоқ, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Сүрілген үймен қатар көрші баспананың жаздық алаңы да талқан болды. Үй иесі «жанымның аман қалғанына, шүкір» деп, сұхбат беруден бас тартты. Оның айтуынша, құбыр жүйесі дұрыс жүргізілмегендіктен топырақ жібіген. Жертөлесін су басып қалыпты.

– Төтенше жағдайды жоюға Алматы облысы ТЖД-ның 9 қызметкері мен 6 техникасы, «Қазселденқорғау» ММ-нің 4 қызметкері мен техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 25 адамы мен 10 техникасы, полиция департаментінің 8 қызметкері мен 4 техникасы, «Қазгидроспас» ЖШС-нің 20 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылды, – деді облыстық ТЖД басқармасының бастығы Даурен Азаматов

Апатқа қатысты тексеру жұмыстары басталады. Ал сүрілген үйдің иесі әлі өтемақы алмағанын айтты. Топырақ басып қалған үйге қатысты әкімдік тазарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Қарағанды облысындағы тас жолда көлік қатынасы қиындады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир