Әлемде тұңғыш рет «Әл-Фараби» энциклопедиясы жарық көрді

Almaty.tv
Almaty.tv
Фарабитану ғылымының негізін қалаған Ақжан Машаниға арналған ескерткіш бюсті ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлем бойынша тұңғыш рет «Әл-Фараби» энциклопедиясы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп, оған Мемлекеттік хатшы, ғұламаның 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев қатысты. Сондай-ақ, философтың Отырарда дүниеге келгенін әлемге ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген әйгілі ғалым Ақжан Машаниге арналып бюст ашылды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыдағы жұмыс сапарын алдымен Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастады. Содан соң қазақ ұлттық университетіне ат басын тіреп, бір топ ғалым мен зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Ұлы философ Әл-Фарабидің рухына тағзым етілген соң, мемлекеттік хатшы Әл-Фараби музейін көріп шықты.

Мұражай ішінен белгілі ғалым фарабитану ғылымының негізін қалап кеткен Ақжан Машаниға арналған ескерткіш бюсті ашылды. Ақжан Жақсыбекұлы ойшылдың дәл қазақ даласында туылғанын әлемге ғылыми дәлелдеген тұлға.

Әзірге Әл-Фарабиге арналған еліміздегі жалғыз музей осы жер саналады. Мұнда ғұаламаның өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер және орта ғасыр дәуіріндегі экспонаттар қойылған. Мынадай сандық технологиялар келген адамды сол ойшыл өмір сүрген дәуірге еріксіз жетелейді. Жалпы Әл-Фараби ғұмырында 200-ге жуық трактаттан тұратын бай рухани мұра жазып қалдырған. Оның еңбектері әлі де зерттеуді қажет етеді.

Зерттеу демекші ғұламаның 1150 жылдығын өткізу үшін арнайы құрылған комиссия өкілдері фарабитанушы ғалымдармен кездесті. Бас қосуда зиялы қауым шетелдегі қолжазбалардың түпнұсқасына қолжеткізуге мемлекет тарапынан араласуын сұрады. Сонымен қатар,

білім жүйесіне фарабитану пәнін енгізуді қолға алу керектігі туралы ойын ортаға салды.

«Музыканың үлкен кітабының өзі Фарабидің айтуы бойынша музыкалық-физикалық пәнге жатады. Онда Фараби он гармония, енді бізде жеті нота ғой, ол кісі он гармония, яғни дыбыстардың поэзиямен үндестігі, сандар арқылы музыкалық дыбыстарды қағазға түсіру. Сонда көптеген мектептерде балаларды цифрлар арқылы оқытқан кезед үйренуі өте жеңіл», – деді  Әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі, фарабитанушы Жақыпбек Алтаев.

Әл-Фараби жылы аясында энциклопедист ғалымды зерттеуге, оның қолжазбаларын жүйелендіруге ерекше көңіл бөлінбек. Бұл үшін мемлекет тарапынан ғылым саласына қолдау көрсетіледі.

«Барша мерейтойлық іс-шаралар ұлы ойшылдың рухани  мұрасын насихаттауға, зерделеуге оны ғылыми және әлеуметтік мәдени маңызы бар инфрақұрылымдық нысандар құруға, сондай-ақ, Әл-Фарабиді мәңгі есте қалдыруға бағытталған. Еңбектерін тәржімалау, ғалым туралы деректі фильмдер жасалуда. БАҚ-та циклдар мен тақырыптық айдарлар мен бөлімдер ұйымдастыырылуда», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев.

Шара барысында әлемде тұңғыш болып «Әл-Фараби» атты энциклопедияның тұсауы кесілді. Энциклопедияның мазмұны деректер, ғалымның өмірі мен шығармашылық мұраларынан тұрады. Араб-мұсылман Ренессанс кезеңіндегі белгілі ғалымдардың еңбектерін қамтиды.

Кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдығының атап өткізілуін қорытындылай келе мерейтойлық жыл ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен халықаралық деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Мұндай іс-шараларға әлемнің 50 елінен 100-ден астам адам университеттерден, 12 мыңнан астам адам басқа да ұйымдардан қамтылған. Шетелде және елімізде олимпиадалар өтіп, оның жеңімпаздарына Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсуге 40 білім гранты бөлінген. Сонымен қатар, Әл-Фарабиге арналған 7 монография, дәйексөздер, нақылсөздер жинақтары үш тілде жарық көрді. Философтың бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылған. Сөз соңында комиссия төрағасы Әл-Фараби мен Абайдың мұрасын зерттеп, зерделеу жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынына назар аударды.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Ялкунжан Әшімжанов, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров