Әкемтеатрдың 95-маусымы «Абай жұмбағы» қойылымымен ашылды

Әкемтеатрдың 95-маусымы «Абай жұмбағы» қойылымымен ашылды
Қойылымда ұлы ақынның әлеуметтік ортасынан ерекшеленіп, адамды зерттеуі, оны тану жолында «Толық адам» ілімін ашуы көрсетіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әкемтеатрдың 95-маусымы «Абай жұмбағы» атты қойылыммен ашылды. Спектакльде жас Абайдың философиялық ой-өрісінің қалыптасу үдерісі сахналанады. Ұзақ үзілістен кейін шымылдығын түрген өнер ордасы көрермендерге жаңа премьералар дайындап қойған. Бірақ карантин талаптары қатаң ескеріледі. Сонымен театрға баратын адам нені білуі керек? Көрерменді қандай өзгерістер күтіп тұр? Толығырақ Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Абайдың 175 жылдығы аясында Мұхтар Әуезов атындағы театр ұжымы көпшілікке «Абайдың жұмбағы» атты алғашқы премьерасын тарту етті.

Қойылымда ұлы ақынның әлеуметтік ортасынан ерекшеленіп, адамды зерттеуі, оны тану жолында «Толық адам» ілімін ашуы көрсетіледі. Жалпы хәкімдік деңгейге жетуінің жұмбағы суреттеледі. Сондай-ақ, Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысымен астастыра отырып, ұлттық құндылықтар, бейбітшілік пен келісім дәріптеледі.

«Халыққа жақсы репертурар ұсыну біздің міндетіміз. Биылғы жыл Абайдың жылы ғой. Сондықтан негізгі көрерменге береріміз – Абай спектаклі. Көрерменді сағындық енді, көрермен де бізді сағынған шығар», – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.

Қойылымдағы көріністердің бәрі де Абайдың өзінің шығармалары мен М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы оқиғаларға сүйене отырып жазылған. Өз тарапынан жауап іздеу арқылы көрерменін де күрделі сауал төңірегіне жетектеп әкетеді. Содан ой қорытады, жаңа саналық деңгейге көтеріледі.

«Жалпы ол жерде қазақилық бар. Жаңаша дегенді бөлек түсініп жатады халық. Қазақша бірақ жаңа интерпретациямен, яғни композиторлық жұмыс жасау барысында Абай Құнанбайұлының әртүрлі шығармаларына біз интерпретация жасадық. Хореографпен де символикалық шешімдерге құрадық. Сондықтан келіңіздер, көріңіздер, бағасын беріңіздер», – деді қоюшы режиссер Әридаш Оспанбаева.

Карантин салдарынан театр сүйер қауым үшін жарты жылдан астам уақыт жабық тұрған есік бүгін ашылды. Алайда көрермен саны 50 пайызға дейін қысқартылған түрде санитария талаптарын сақтап қана өткізуге рұқсат етілген.

«Ең үлкен өтініш сіз болып, біз болып спектакль көреміз, демаламыз деп келсек те мына Еуропада өршіп тұрған пандемияға байланысты шектеу шараларын қатаң ұстануымыз керек. Барлық көрерменге қойылатын талап бетперде кию», – деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Хәкімге арналған спектакль мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта Абайдың қара сөздер желісімен жазылған «Қара» атты қойылымның да тұсауы кесілмек.

Назкен Еркін, Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров