Халықаралық жастар күніне орай «Абай» метро бекетінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Адамзаттың алыбы – ақын Абайдың 175 жылдығы аясында аталып өткен шарада ақынның шығармалары орындалып, әндері шырқалды, деп хабарлайды Almay.tv.
Хәкімнің қанатты сөздерін бойына сіңіріп өскен жастардың болашағы жарқын боларына сенім мол дейді ұйымдастырушылар.
«Бүгінгі іс-шараның мақсаты – Абай шығармалары арқылы жастарымызға қала тұрғындарына ұлттық өнерімізді, құндылықтарымызды дәріптеу. Осы дүниежүзін жаулаған індеттің кезінде қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау», – деді Медеу аудандық Жастар ресурстық орталығының төрағасы Самат Төрехан.
Ақынның құлақтан кіріп, бойды алған әндері Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестірі өнерпаздарының сүйемелдеуімен орындалды.
«Мені бір таңқалдырғаны – қазіргі жастардың әр қайсысының құлағында Абайдың әні бар. Өйткені Абайдың әні шар тарапқа созылып кеткен. Абай ол бір ауыз сөзбен айтқанда сөнбес жұлдыз», – деді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестірінің әртісі Әсет Жұмабаев.