Мемлекеттік хатшысы Қ. Көшербаев Абай ескерткішіне гүл шоғын қойды

Almaty.tv
Almaty.tv
Зиялы қауым өкілдері Абайдың мол мұрасын мәңгілік ету, терең зерттеу туралы ойларымен бөлісті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші алдына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған бір топ ақын-жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері гүл шоқтарын қойды. Карантин талаптарына сай салтанатты шараға жиналғандар саны аз болды. Зиялы қауым өкілдері Абайдың мол мұрасын мәңгілік ету, терең зерттеу туралы ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Абай сынаған көп әдеттен арылғанымыз жоқ. Қайта оның үстіне бірталай қасірет, бірталай қайғы қосылды. Біз осыдан түгел арылуымз керек. Абайды қайта оқуымыз керек. Абайды түсініп оқу керек. Ұғынып оқу керек. Шауып, желіп жүріп оқуға болмайды. Сол кезде біз Абайға табынатын боламыз. Абайға табынған сайын біздің елімізде жақсара береді», – деді Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Бұл ойды Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те қостады. Абай шығармалары - қазақ үшін жол сілтер өшпес шамшырақ дейді жазушы. 

«Абай барда Алаштың баласы адаспайтынын білеміз. Өйткені Абай қиын қыстау заманда, қор елде туып, қорлықпен өмір сүріп жүрсе де өзінің ұлтының болашағын ойлап, өзінің жырларымен, қара сөздерімен ертеңге жол сілтеп кеткен адам. Сондықтан оның шығармаларын әр буын, әр ұрпақ жатқа білуі керек. Оны сіңіріп өсуі керек.  Абайдың тағылымы деген адамгершілікке тәрбиелейді, жақсылыққа үндейтұғын шығармалар. Сондықтан Абайды жалғыз қазақ емес, бүкіл әлем білуі керек деп ойлаймын», – деді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Новости партнеров