|
10.08.2020 | 18:42
6584

«Абай жолын» оқыдыңыз ба

Жас ғалым жастардың Абайды оқымауының, түсіне алмауының бірнеше себебін атады

«Абай жолын» оқыдыңыз ба Almaty.tv

Алашты әлемге паш кеткен – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Мұхтар Әуезов бұл туынды арқылы ұлы ақынның ғажайып тұлғасын сомдап қана қойған жоқ, қазақ ұлтының бай салт-дәстүрін әлемге танытты. Абай сүрген дәуірдің сипатын, халықтың тағдырын суреттеді. Роман арқылы қазақ әдебиеті әлем әдеби классикасының шырқау шыңына шықты. Қазіргі ұрпақ бұл құнды мұраның қадірін біле ме? «Абай жолын» оқыту, Абайды таныту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің бейнематериалынан көрейік.

Абайдың шығармаларын, Әуезовтің «Абай жолын» оқымау – қазаққа сын. Әр үйде Құраннан кейін Абай кітабы тұрса, салиқалы ұрпақ сабақтастығы қалыптасары сөзсіз. Оның пәлсапаларында, құнды мұраларында адамгершілік принциптері бар. Алайда біз осының қадірін жете білмей жүргеніміз ащы болса да шындық. Сөзіміз дәйекті болу үшін «Абай жолын» оқыдыңыз ба?» деген сұраққа сауалнама жүргіздік.

Сауалнама нәтижесінде көбі шындықты мойындауға ұялды ма, жауап беруден бас тартты. «Оқымадым» деп ашығын айтқандар да аз болмады. Әр қазақ оқу керектігін алға тартып көңілімізді марқайтқандар да табылды. Жас ғалым, алаштанушы Елдос Тоқтарбай әсіресе жастардың Абайды оқымауының, түсіне алмауының бірнеше себебі бар деп пайымдайды.

«Ащы да болса – шындық. Бүгінгі жастар жаңа заманның, мына технология дамыған, гаджеттер, смартфондар күн сайын жаңарып жатқан қоғамда туғаннан кейін бе, әлде 21 ғасырдың Z ұрпағы болғаннан кейін бе, бұл романды қабылдай алмайды. Бұл романды қабылдай алмайтын бір жәйт бар. Ол  «Абай жолы» романының және Абайдың сүрген кезеңі патшалық биліктің қысымы жүріп жатқан құлдық дәуірде болса жазылғандығы, ал Әуезов оны Кеңестік билік кезінде жазды. Яғни, құлдық дәуірінде болған қазақ өмірін бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жастары қабылдай алмайды», – деді алаштанушы, жас ғалым Елдос Тоқтарбай.

Ал Абай академиясы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Жанбота Кәріпбаев Абайды танытудағы, насихаттаудағы кемшілік – мектептер мен жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде енгізілмеуі деп санайды. Оны енгізу үшін осы күнге дейін оқыту әдістемесі әзірленбеген. Егер абайтануды осылай жүрдім-бардым, жеңіл-желпі, қосымша сабақ ретінде ғана қарастыратын болсақ, бара-бара жас ұрпақ Абайды танымай қалса таңғалмаңыз деп қынжылады.

«Өкініштісі, әлі күнге Абайтануды оқытудың әдістемесі Қазақстанда жоқ. Ортақ оқулық та құрастырылмаған. Бірқатар кітаптар бар, әрине. Бірақ олар сабақтан тыс оқытуларда қолданылады. Мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарында пән ретінде қарастырылмаған. Жоғары оқу орындарының бағдарламасында бар. Оның өзінде гуманитарлық бағыттағы студенттерге ғана оқытылады. Алайда студенттер кредиттік жүйе бойынша оны міндетті емес пән ретінде таңдайды», – деді Абай академиясы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Жанбота Кәріпбаев.

Бұл мәселеде жас ғалым Елдос Тоқтарбай алдымен абайтанушылар жетіспеушілігі түйткілінің түйінін тарқатып алуды ұсынады. Дала данышпанының мұраларын зерттейтін жаңаша ойлайтын, жаңалыққа жаны құмар жастар легі жоқтың қасы дейді.

«Абайтану ғылымында кадр мәселесі проблема. Неге проблема десеңіз, Абайтану ғылымы биологиялық тұрғыда қартайып кетті. Мәселен, бүгінгі күні ең үлкен абайтанушымыз тоқсанда болса, ең жас деген абайтанушымыз елудің үстінде. Кадр мәселесі шешілмегеннен кейін, жаңа ой пікір, көзқарас жоқ. Сондықтан тәуелсіз қазақ әдебиетіне жас абайтанушыларды тәрбиелеу, жас абайтанушыларды жеткізу керек», – деді алаштанушы, жас ғалым Елдос Тоқтарбай.  

Иә, «Абай жолы» – күрделі шығарма. Содан болар жастардың жастана оқымағаны. Оның үстіне қазіргі уақытта жалпы көркем әдебиетке деген адамдардың қызығушылығы азайғаны ақиқат. Бірақ бұлай ақтау да ағаттық. Ұлттық сананы жаңғыртып, қабілетті ұлт қалыптастыру үшін Абайдың шығармаларын оқу әр қазақ үшін парызға айналуы тиіс. Өйткені Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир