#Abai175: Алматыда мектеп оқушылары арасында шығармашылық байқау өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
45 оқушы қатысқан байқауда ақын өлеңдері оқылып, мағынасына қарай суреттер салынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай қала мектептері оқушыларының арасында «Абай әлемі» атты шығармашылық байқау өтті. 6 жастан 16-жасқа дейінгі аралықтағы 45 оқушы қатысқан бұл байқауда ақынның өлеңдері жатқа оқылып, мағынасына қарай суреттер салынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шығармашылық қабілет пен қиялды дамытуға бағытталған бұл шарада балалар Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін кеңейте алады дейді педагог маманы.

«Байқаудың мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, сонымен қатар өздерінің Абай шығармаларын білуі. Ал, сурет Абай Құнанбаевтың шығармаларына арналған. Балалар өздері сол шығармаларды қалай түсінгендігін, қалай оны көретіндігін өздерінің суреттерімен көрсетті», - деді Оқушылар сарайының оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Мәрияш СЕГІЗБАЕВА.

Байқауға қатысушы оқушылар Абай шығармашылығын жиналғандарға тереңінен жеткізу үшін ұлттық нақышта киім киіп, қазақтың киіз үйлері мен табиғатын әсем суреттеген. Әрбір оқушы ұлы ақынның өлеңдерімен танысып, оны бейнелеу арқылы - қазақтың бүкіл болмысын сезіне алғандықтарын айтады.

«Салған суретімдегі түпкі астарлы ой – мына өмірдің, уақыт ағымының тоқтаусыз екендігін білдіру. Бұл суретті салу барысында, осы өлеңді жаттау барысында, осы туындымен жалпы танысу барысында мен болашағымды ойладым, ата-анамды ойладым. Қазақтың рухы мен жалпы біздің жеріміздің кең байтақ екендігін ойладым», - деді № 159 мектептің 10-сынып оқушысы Ділдә ЖОЛЖАҚСЫНОВА.

Новости партнеров