Алматылықтар Республика күнін қалай тойлады

Республика күнін мерекелеу аясында қалада барлығы 400-ден астам түрлі іс-шара өтті

Алматылықтар Республика күнін қалай тойлады фото: пресс-служба акима Алматы

Алматылықтар ұлттық мереке – Республика күнін жоғары деңгейде атап өтті. Республика күнін мерекелеу аясында қалада барлығы 400-ден астам түрлі іс-шара өтті. Қала әкімдігі ұйымдастырған мерекелік іс-шараларға жұртшылық көп жиылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Медеу» биік таулы кешенінің алаңында Республика күніне орайластырылған «Патриотизм дауысы» акциясы аясында мемлекеттік туды көтеру және Әнұран орындаудың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, студенттер мен әскери қызметшілер қатысты. Қала тұрғындары мемлекеттік әнұранды қаланың барлық сегіз ауданында орындады. Мерекелік іс-шаралар жоғары оқу орындары, колледждер мен әскери оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Қыран елім – Қазақстан» флешмобына жалғасты.

Мереке қарсаңында алып шаһардың екі жерінде автошеру ұйымдастырылып, көк байрағымыз ілінген темір тұлпарлар көшелерді аралады.  

Қала тұрғындары мен барша отандасты құттықтау челленджін қолдаған бірінші топ шеруді Almaty Arena-дан бастады. Ретро, спорт және жол талғамайтын 50-ге тарта көлік Момышұлы көшесі мен Рысқұлов, әл-Фараби даңғылы арқылы «Халық Арена» мұз аренасы дейін барды. Ал Наурызбай ауданындағы автошеруге 100 жас қатысты. Айтулы күнмен бірге, мемлекеттік рәмізді насихаттау мақсатында көк ту жамылған 30 көлік аудан аумағында жүріп өтті.

Ал Наурызбай ауданы тұрғындары үшін қос қуаныш қатар келді. Ауданда екі үлкен саябақ ашылды. 500-ге тарта аудан тұрғыны мемлекеттік Әнұранды шырқау үшін жиналды. Ел Әнұранын әуелеткен азаматтар ұлттық мерекені ұлықтауға осылайша өз үлестерін қосты.

Жетісу ауданының тұрғындары үшін жаңа спорт кешенінің ашылуы бұл мерекедегі ең үлкен сый болды. 900 балаға арналған спорт кешені тек спортқа баулып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі спортшылармен кездесу өткізіп, Республикалық турнирлер өткізу мүмкіндігіне ие.

Мерекеге орай еліміздің шығармашылық одақтары мен қауымдастық басшылары Президент атынан алғыс хат пен «Құрмет» грамоталарын алды. Көрнекті мәдениет қайраткерлерін Алматыға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев марапаттады. Министр шығармашылық одақтар әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтық жаңғыруда сенімді серіктес екенін тілге тиек етіп, салаға қосқан үлестері мен бастамаларына алғыс білдірді.

Ал мерекенің басты іс-шарасы «Астана» алаңында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерт болды. Мерекелік кеште «Алашұлының» рухты әндері, «Ұлытау» тобының бойды шымырлатар туындылары мен Алишер Каримов, Бүркіт пен Қуандық Рахым сынды жұлдыздардың патриоттық әндері орындалды. Концерт көпшіліктің көңіл-күйін көтеруге, ұлы күннің мәнін ұғынып, сезінуіне себеп болды. Мерекелік концертке кәсіби домбырашылар мен балалар және академиялық хордың үлкен ұжымы да қатысып, көпке өнерін көрсетті. 

Мерекелік концерт Республика күнінің апофеозы болған Астана алаңындағы отшашумен аяқталды.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир