Санаулы күннен соң көптен күткен мереке – Республика күні тойланады. Айтулы датаның маңызы биыл көпшілік үшін де айрықша болмақ. Өйткені тарихи, саяси күн ұлттық сипатта аталып өтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бізде мемлекеттік мерекелер бар. Бірақ ұлттық мереке санатында осы 25 қазанды белгілеп отыр. Оны Парламент өткенде Мәжіліс және біздің Сенат депутаттары қолдап, осы датаны – ұлттық мереке ретінде тарихи күнтізбеге енгіздік», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Республика күні – Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы алғашқы ресми қадамы. Өнер қайраткерлерінің айтуынша, ерекше датаның тойлануы да ұлттық мазмұнда болуы тиіс.
«1990 жылы мемлекетіміздің егемендігі туралы Декларацияға қол қойылған. Яғни, егемендік алуға ең алғашқы біздің қадамымыз. Сондықтан, бұл күн – біздің қазақстандықтар үшін тарихи дата. Енді бұл мерекемізді қайтарып жатыр, өз орнына келіп жатыр. Біз қуаныштамыз», – деді актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбай.