«Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шығуы керек» деген бастаманы бағдарға алған жаңа спорт кешені бүгін Жетісу ауданында бой көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мемлекет басшысы жариялаған балалар жылы аясында Жетісу ауданында «Айнабұлақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ондағы түрлі секциялар мен үйірмелер балаларға тегін болады. 17 спорттың түрін ұсынып отырған су жаңа спорт алаңы жоғары деңгейдегі технологиямен жабдықталған.
«Жетісу ауданында биылғы жылдың өзінде екінші рет ашылып отырған спорт кешенінде бас қосып отырмыз. «Мыңнан тұлпар жүзден жүйрік» шығуына тілектеспіз. Бәріңізді құттықтаймыз, алда үлкен жоспарлар бар. 2025-2030 жылға дейін жақында ғана Алматының даму бағдарламасын қабылдадық», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Спорт саңлақтарына айналу үшін мұрындық болатын кешенде жоғарғы біліктілі 82 бапкер тәлім береді. Түрлі техникаларымен бөлісіп, жеңіске жетудің озық жолын үйретпек. Олай дейтініміз бағы мен бабы сынға түсетін жас спортшыларды чемпиондық атағы бар жаттықтырушылар ғана жаттықтырады екен.
«Ашылу салтанатында қазақ күресінен қалалық «Жас барыс» турнирі өтіп жатыр. Бұның жеңіміздары қаламызда ертең республикалық жарыста өнер көрсетеді», – деді № 4 арнайы жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айталап Қорғанбаев.
900 балаға арналған спорт кешені тек спортқа баулып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі спортшылармен кездесу өткізіп, Республикалық турнирлер өткізу мүмкіндігіне ие.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы