Алматыда «Ұлттық дала ойындары» республикалық фестивалі өтті

Жүлде қоры – 5 млн теңге

Алматыда «Ұлттық дала ойындары» республикалық фестивалі өтті Almaty.tv

Ұлттық мерекеде ұлттық ойындар тағы бір мәрте жаңғырды. Бүгін Алматыда «Ұлттық дала ойындары» республикалық фестивалі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ат құлағында ойнаған шабандоздар еліміздің әр түкпірінен арнайы келіп, бақ сынасты. Ауқымды іс-шара Республика күні мерекесі қарсаңында қалалық спорт басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырлып отыр.

Ат десе делебесі қозатын, еліміздің түрлі өңірінен келген үздік спортшылар. Бүгін олар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату секілді ат спорты түрлерінен бақ сынасты. Жүлде қоры – 5 млн теңге.

«Ұлттық спорттың ең бір керемет рух беретін тірі – бәйге. Қазір жастарымыз көңіл аударып жатыр. Бұл –  ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүріміз. Сондықтан қарқын жаман емес деп айтуға болады», – деді қалалық бәйге федерациясының президенті Қуат Үсенов.

Шабандоздар 12 шақырымдық Құнан бәйге мен 25 шақырымдық Аламан бәйгеге де қатысты. Жалпы жүлде қорының басым бөлігі де осы жарыс түрлеріне тігілген. Фестиваль Алматыда 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл – арада екі жылдық үзілістен кейін ұйымдастырылып отырған V республикалық дода. Оны тамашалауға келген қалалықтардың қатары көп болды.

«Осындай жобалар жиі болса деген ой ғой. Бұл – әрбір адамның рухын, мәдениетін көтеретін жоба ғой. Қазақ өзінің төл өнерімен танысады», – деді қала тұрғыны Абзал Арықбаев.

«Біз «Орда Этно» тобынан келіп тұрмыз. Осындай ұлттық киімдеріміз арқылы салт-дәстүрді таныстырамыз», – деді Мағжан Жұматаев.

Фестиваль кезінде түрлі ат әбзелдерімен қатар, зергерлік бұйымдар және ұлттық аспаптар қойылған көрме де ұйымдастырылды. Мұнда Қоңыр Бегдайыр да өзінің төл туындыларын алып келген. Зергер қөлөнермен 40 жылдан бері айналысады. Кәсіпке отбасымен бірге бейімделген.

«Күмістен сақина, сырға, ат әбзелдерін жасаймын. Бәбішем болса, киізбен жұмыс істейді. Жүннен, киізден киімдер басады. Ұлттық өнеріміздің неше түрлі саласын дамытып, атадан-балаға қалған өнерді одан әрі қарай жалғастыру – мақсатымыз», – деді зергер Қоңыр Бегдайыр.

Республикалық фестивальден ұлттық спорт түріне қатысып, дарынын енді шыңдап жүрген балалар да қалыс қалмады. Олар ипподром сыртында тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес пен арқан тартудан өзара жарысты. Үздік атанғандар алғыс хаттар мен сыйлықтар иеленді.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир