ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен елорда күніне орай Алматы қаласының Индустриалды аймағында жаңа үш өнеркәсіп орны ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv
«Рахат СК» ЖШС мен «Г.С.Г. Высотник» ЖШС автоклавты газбетон өндіру зауыттары әлеуметтік және коммерциялық тұрғын үйдің ірі құрылыс компанияларын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Өнімдерді шығаруда мемлекеттік стандарттарға сәйкес жергілікті шикізат қолданылады.
«СК Рахат» ЖШС өндірісінің 1 кезеңінің құрылысына 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 180 мың текше метр өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 40 жаңа жұмыс орны ашылады. «Г.С.Г. Высотник» ЖШС инвестиция сомасы 1,7 млрд. теңгеден асты. Өндіріс қуаттылығы жылына 100-120 мың текше метрден астам өнім шығарады және 85 жаңа жұмыс орны ашылады.
Астана күніне орай «ADS industries»ЖШС өндіріс паркінің бірінші кезеңі іске қосылды. «ADS industries» ЖШС Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасына қатысушысы болып табылады.
Компания өндірістік парктің құрылысына шамамен 150 млн.теңге инвестиция құйды. Бірінші кезеңде 1, 5 мың ш.м. енгізілді, онда жеңіл, металл өңдеу және жиһаз өнеркәсібін өндіруші шағын және орта кәсіпкерліктің алты субъектісі ашылады. Өндірістік парктің жалпы алаңы 4, 5 мың ш.м. құрайды, онда 160 жаңа жұмыс орны ашылады.
Еске салсақ, осы жылдың бірінші тоқсанында Индустриалды аймақта қуаты жылына 25 000 тоннадан астам өнім шығаратын әрі 80 адамды жұмыспен қамтыған «КМК Investment» ЖШС мыс және алюминий сымын шығаратын зауыт ашылған болатын. Жоба құны – 11,3 млрд теңге.
Айта кетерлігі, Индустриалды аймаққа 211,7 млрд теңгені құрайтын жобалары бар 54 компания кіреді, олар 6,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.
«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және елорда күніне орай зауытымызды ашып жатырмыз. Негізі меже қыркүйек айы еді. Нарықтағы газабетонға деген сұранысты қанағаттандыру үшін жұмысты қарқынды түрде жүргізудеміз. Қызыл кірпіштен арзанырақ, өндірілетін уақыты да жылдам», – деді компанияның коммерциялық директоры Ермек Қуанышев.
«Бұл зауытымыз 100 пайыз автоматтандырылған. Біздің зауыт Алматы қаласындағы осы құрылыс саласындағы автоклав газабетоны сұранысының 15-20 пайызын қамтамасыз етуге дайын», – деді компания директоры Әлкей Мұхаммедхан.
«Бұл жерде кіші компаниялар өздерінің осындай жабдықты кіргізіп, кішкене цех ретінде, өндірістік цех ретінде ашып, жұмыстарын жасай алады. Әкімшіліктен, СПК-дан креиттер ала алады 2 пайызбен, сондай қолайлы деуге болады. Бұл жерде жарыұ, су, канализация барлығы кіргізіліп тұр», – деді компания директоры Дулат Әсетов.
Осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының Индустриалды аймағында 7 өнеркәсіп орнын ашу жоспарланып отыр. Оның жалпы сомасы 37,8 млрд теңгені құрайды және 658 адамды жұмыспен қамтиды.
Бүгінде 16 жоба іске асуда. Олардың жалпы сомасы 78,2 млрд теңгені құрайды, 2,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған.