Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында журналистика курсын тәмәмдаған ерекше жандарға сертификаттар табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аталмыш жобаның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар да шығармашылыққа ден қойып, ақпарат саласының дамуына үлес қоспақ. Олар дәріс барысында мәтін жазу мен видео өңдеуді және белгілі тұлғалардан сұхбат алуды үйренгенін айтады.
Ұйымдастырушылар сондай-ақ шара соңында қатысушыларды шабыттандыру мақсатында осы уақытқа дейін жазған мақалаларына қаламақы төледі.
«Бұл жерге келген азаматтардың әрқайсы көкейінде жүрген арман-тілегі мен қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер жайлы ой-пікірін мақала ретінде жеткізіп, газет бетіне жариялады. Мен өзім кітапхана саласына қатысты біраз мақала жаздым», – дейді қала тұрғыны Захра Маханова.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жаңа демеушілер тауып, жобаны жалғастыруды көздеп отыр.
«Олар да өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгісі, бойындағы шығармашылық әлеуетті шыңдағысы келеді», – деді «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл.