Алматыда түрік киносының апталығы өтіп жатыр

«Йерли Дүшүндже» қауымдастығы ұйымдастырған шара 31 қазанға дейін жалғасады

Алматыда түрік киносының апталығы өтіп жатыр Almaty.tv

Алматыда түрік киносының апталығы өтіп жатыр. «Йерли Дүшүндже» қауымдастығы ұйымдастырған шара 31 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында Түркияның үздік деген онға жуық кино картинасы орыс және қазақ тілдеріне аударылып, көрермен назарына ұсынылады. Мәдени жиынның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлемдік киноиндустрияда түрік ағайындардың бәсі жоғары. Тәжірибе алмасу мақсатында өтіп жатқан мәдени апталық ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Кино жай ғана өнер емес, қоғамдық ұлттық идеологияны қалыптастыратын негізгі құрал.

«Бұл шараның басты мақсаты – түрік мәдениетін бауырлас халықтарға таныстыру. Өткен жылы пандемияға байланысты өткізе алмап едік, осы жылы үлкен дайындықпен келіп, үздік фильмдерді ұсынып жатырмыз. Келіп жатқан көрерменге алғысымыз шексіз», – деді ұйымдастырушы Өнер Кылыч.

Түркия Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет. Бүгінде бауырлас екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік достық қарым-қатынаста өрбуде. Ал қазір тіл үйреніп, болашақта Түркияда оқығысы келетін жастар киноапталықтың таптырмас тәжірибе болатынын айтады. 

«Менің ойымша, бұл өте тиімді болады. Біріншіден, осындай тегін көрсетілімдер тіл үйренуге кино, кітап деген нәрселер жақсы көмегін береді», – деді қала тұрғыны Ақбота Сапарғали.

«1-2 курста оқитын студенттерімді алып келіп, фильмді көрдік. Өте жақсы екен, сапалы. Алдағы уақытта осы фильмдер тағы да болады дейді. Оған да студенттерімізбен келмек ойымыз бар», – деді қала тұрғыны Ажар Семғали.

Айта кетейік, шытырман оқиғаға толы фильмдерді қала кинотеатрларының бірінен тегін көруге болады. Ал Түркиядан келген мамандар 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан кино апталығын Түркістан, Қызылорда қалаларында өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир