Орыс баласы Аркадий Повеленский Ақан серінің әндерін айтып, халық күйшілерінің күйін шебер орындайды. Ұлты орыс болса да, қазақ тілін жетік меңгерген Аркадий Повеленский қазіргі уақытта Жезқазған музыка колледжінде оқиды. Аркадий Повеленский жайлы блогер Айсұлтан Жақыпов өзінің YouTube каналында видео жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аркадийдің бала күннен тай құлындай тебісіп бірге өскен достары – қазақтар. Қолына домбыра алып, күй шертіп үйренуіне де жолдастары себепкер болған. Орыс мектебінде оқыса да, қоршаған ортаның ықпалынан қазақ тілін жетік меңгерген.
«Мен достарым, көршілерім бәрі қазақтар болды. Негізі орыс мектебінде оқып, білім алдым. Қоршаған ортада қазақша сөйлейтін адамдар көп болды. Көптеген ән байқауларға қатысып, жүлделі орындар алдым. Осындай жетістікке жетуімнің бірден бір себебі – елдегі бірлік пен берекенің арқасы деп білемін», – дейді Аркадий Повеленский.
Айта кетейік, бұл видео Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы тапсырысы бойынша түсірілген.