Жаңа фильмде қазақ халқының ұлттық болмысы шебер бейнеленген – Әбдірашит Бәкірұлы

Назым Қыдырбайқызы
Жаңа фильмде қазақ халқының ұлттық болмысы шебер бейнеленген – Әбдірашит Бәкірұлы
«Алматы» телеарнасында «Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Алматы» телеарнасында «Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл фильмге философ-публицист Әбдірашит Бәкірұлы өз бағасын берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, бұл фильм Желтоқсан оқиғасы қатысты түсірілген алғашқы қарлығаш.

«Соңғы кездері Желтоқсан туралы фильм жарыққа шыққан жоқ. Бұл алғашқы қарлығаш. Бұл фильмді «Алматы» телеарнасының қолға алғанына өте қуаныштымын. Өйткені Желтоқсан оқиғасы да Алматыда басталды. Сондықтан біріншіден, бұл фильмнің  заңды мұрагері «Алматы» телеарнасы деп санаймын. Екіншіден, фильм алғаш рет түсіріліп тұрғандықтан, үлкен панорамдық тұрғыдан кино түсіру мүмкін емес. Бұрын түсірілген туындылардың бәрі қысқаметражды, үзік-үзік фильмдер болды. Сондықтан фильм әуел бастан үлкен мақсатта түсірілгені көрініп тұр», – дейді Әбдірашит Бәкірұлы.

Деректі фильмде қазақ халқының ұлттық болмысын керемет бейнеленген. Философтың айтуынша, Желтоқсанда қазақ жастарының алаңға шығуына бойдағы ар-намыс жетелеген.

«Фильмнің идеясы дұрыс құрылған. Қазақ халқының ұлттық болмысын өте жақсы бейнелеген. Негізі, қазақ ар-намысты бірінші алға қоятын халық. Сондықтан 1986 жылғы оқиға қазақ халқының ар-намысының квинтэссенциясы. Бұл шегіне жетіп төгілген көрінісі. 86-шы жылғы оқиғаға қарап отырып, қазақтың болмысы мен ар-намысы қандай деген сұраққа жауап алуға болады. Осы идея желтоқсаншылардың өз аузынан айтылған сөздер арқылы тиянақты етіп жеткізілген. Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардан сұрасаңыз, бәрі «Алаңға бізді ар-намыс жетелеп алып барды» деп айтады», – дейді публицист.

Тәуелсіздік  тәубе етер қасиетті ұғым. Егемендік нар тұлғалы ер-азаматтардың қанымен, өрімдей жастың жалындаған жігерімен, ботадай боздаған ананың көз жасымен келген.

«Екіншіден, фильмде Желтоқсан оқиғасы және Тәуелсіздік идеясы өте бірлікте қарастырылған. Бізге Тәуелсіздік жайдан-жай келген жоқ. Жалпы, қазақта «Бекер келген дүниенің құны болмайды» деп айтады ғой. Бұл фильм келер ұрпақтың өз еліне деген патриоттық сезімін тәрбиелейтін бірден-бір құрал, қоғам құндылық болмақ», – дейді философ.

Оның айтуынша, бұл туынды алғашқы үлгі болуымен құнды.

«Бұл фильм жалғасын табады деп ойлаймын. Басқа форматтарда фильм түсірілсе де, осы киноны  көріп, ары қарай алға қадам басатын болады. Сондықтан бұл фильм  алғашқы үлгі және сонысымен де құнды», – дейді публицист.

«Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» атты деректі фильмі Желтоқсан оқиғасына қатысқан, қазіргі ардагерлердің ұлттық тәрбиеге арласуындағы қозғаушы күші болмақ.

«Үшіншіден, Жетоқсан оқиғасына қатысқандар бүгінгі таңда ардагерлер санатына қосылып келе жатыр. Негізі, ардагерсіз қоғам болмайды. Сондықтан желтоқсаншылар ардагер ретінде ұлттық тәрбиеге енді арласа бастайды. Соған байланысты біз ардагерлерді дайындауымыз керек. Себебі олардың бәрі сөзге шешен емес, сөзін бірден жинақтап айтатын қабілет адам баласының бәріне бірдей берілмейді.  Бұл фильм арқылы біз ардагерлік функцияны атқаруды әлде қайда жеңілдетеміз», – дейді ол.

Новости партнеров